Тәуелсіздік шежіресі: 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тарих көші ұзақ. Ол тоқтамайды. Ал ата тарихтан қазақ нені білуі керек? Әрине, бұл жерде қазақ нені білмеу керек деген сұрақ туындамайды. Өйткені «қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». 2015 жылы осы ұлт тарихына тағы бір мәрте тәу еткен жыл болды десек еш жаңылмаспыз. Түптеп келгенде Тәуелсіздіктің төркіні де сол тарихтан, бабалар тарихын, олардың аманатын ұмытпаудан сабақ алады.

1 

Ұлытаудың төрінде отырып сұхбат құрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы тарихқа қатысты тебіренгенде де осыны меңзеген  болатын. «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз». Бұл ұлт тарихына берілген жаңаша баға, тың бастама еді.

Өйткені, Президенттің тарих жөніндегі ой-толғамдары көпшіліктің қолдауына ие болып, кейіннен Елбасы Тәуелсіз еліміздің түп тамыры Қазақ хандығымен тығыз байланыста екендігіне дәлел ретінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде тағы бастама көтерді. Осылайша, 2015 жылы жыл бойы атқарылған шаралар Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойымен  орайластырылып жүзеге асты. Елбасы бастамасы игілікті істердің алтын арқауына айналды. 2015 жылы хандықтың мерейтойлық жылы ретінде ел ішінде мәдени-спорттық шаралар да мерейтойдың шырайын келтіре түсті. Бұлардың бәрінің негізгі бөлігі қыркүйектің 11-інде Астанада бастау алып, үш күнге ұласқан той болып өріс алды.

Тойдың шарықтау шегі қазан айының басында екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласында өзінің мәресіне жетіп, онда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды. «Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған жұртпыз. Керей мен Жәнібек соңынан ел ертіп, Шудың жағасында ту көтерген тұста қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүние жүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық»,  - деді сол шарада сөз сөйлеген Н. Назарбаев.

2 

Тәуелсіздіктің 2015 жылы да телегей де, тосын да жаңалықтарға толы болды. Ол жылдың мазмұнын парақтасақ, бұған дейінгі Президент тапсырмаларының арқасында қолға алынған бастамалар мен бұрындары көтерілген іргелі істердің нәтижелеріне де куә болар едік. Дегенмен, елдің саяси өмірі бір қалыпта тұрмайтыны анық. Соның бірі, 2015 жылдың басты саяси оқиғаларының бірегейіне айналған кезектен тыс Президент сайлауы еді.

Президент сайлауына 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бастама көтерілді. Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топтарға, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде үндеу жолдады. «Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы. Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет» делінді осы Үндеуде.

Бұл мәселе жалпыхалықтық қолдау сипатына енді. Кейіннен Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгініп, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізудің мүмкіндігін Ата Заң нормаларына орай түсіндіріп беруді сұрады. Ал Конституциялық кеңес өз кезегінде Конституцияның 41-бабы, 3-1 тармағы нормасына сай кезектен тыс президенттік сайлауды жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар екенін атап көрсетті.  Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпан күні ел өміріндегі аса маңызды шешімді қабылдау тұрғысында халыққа Үндеу жолдады. Онда Елбасы мұның бәрі қазір халықтың ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдарға, әлем экономикасында дағдарыс белең ала түскен кезеңде олардың ертеңгі күніне деген сенімділігі керектігіне, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскенде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылығынан туып отырғанын баяндады.

Кезектен тыс Президент сайлауы 26 сәуірде өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Дауыс берушілер тiзiміне енгiзiлген 9 547 864 сайлаушының 9 090 920-сы немесе 95,21 пайызы науқанға қатысып, бұл жөнінде рекордтық көрсеткіш тіркелді.

4 

Қайта сайланған Президенттің инаугурациясы 29 сәуір күні елордадағы еңселі ғимараттардың бірі - Тәуелсіздік сарайында болып өтті. Ұлықтау рәсімінің өзі де ерекше тарихи мәнге ұласты. Өйткені, Қазақстан Республикасы Президентiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант ет бергеннен соң, Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алда тұрған басты мәселелерге тоқталды. Президент сайлау алды тұғырнамада көрсетілген, «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлт жоспары етіп ұсынды. «Ұлт жоспары - бұдан әрі қарайғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан тұрады әрі бес институттық реформа бойынша атқарылатын жұмыстар түсіндіріледі. Тұтастай алғанда, бұл жоспар жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беріп, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады», деді Н.Назарбаев.

2015 жылдың қаңтарынан Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ресми іске кіріскен болатын. Сол жылдың ішінде оған Армения мен Қырғызстан мүше болып кірді. Жалпы, ЕАЭО-ға әлемнің көптеген елдері мүдделестік танытты. Олардың қатары бірте-бірте ұлғайып келеді. Тұтастай алғанда, жыл ішінде 40-қа жуық ел мен бірлестіктер Одақпен еркін сауда аймағы туралы келісімшарттарды бекітуге мүдделілік білдіріп үлгерді. Еркін сауда туралы келісімге Қазақстанның жәннат жері - Бурабай курортты аймағында жылдың мамыр айында қол қойған Вьетнам ЕАЭО-ның сауда саласындағы бірінші әріптесі болды.

3 

2015 жылдың және бір ерекшелігі - 7 мамырда еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Астанада айтулы мерейтойға арналып әскери парад өтті. «Қазақ Елi» алаңында қазақстандық әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ жоғары ұшу мәнерлерін асқан шеберлікпен орындап, әуе кеңістігінде жеңістің мерейтойлық мерзімін білдіретін «70» санын жазды. Айтпақшы, шара барысында алаңдағы ту ұстаушы топ еліміздің Мемлекеттік туы мен бұдан 70 жыл бұрын қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгерлік серігі Григорий Булатов екеуінің Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі - Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу рәсімі жасалды. Әскери парадта Қазақстан Президенті - еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетінін баса айтты. Ал 8-9 мамыр күндері Президент Мәскеуде өткен фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Қазақстан Президенті Қызыл алаңдағы әскери парадта болып, Белгісіз солдат қабіріне гүл шоқтарын қойды.

5 

Жыл ішіндегі тарихи маңызы жоғары елеулі оқиғалардың қатарында 10-11 маусым күндері Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезін айтуға болады. Форумға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинистё және Иордания королі Абдалла ІІ сияқты жоғары мәртебелі меймандар қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев форум мінбесінен бүкіл әлемнің саяси және рухани лидерлерін қолда бар мүмкіндіктерді соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалануға шақырды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы Дін лидерлері кеңесінің рөлін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметін, сондай-ақ, Қазақстанда құрылған этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім моделін жоғары бағалады. «Бүгінде әлем экстремизм мен терроризмнен зардап шегіп отырған шақта жеккөрушілікке қарсы тұруға үндейтін дін лидерлерінің дауыстары жиірек және жақсырақ естілгені қажет», деді БҰҰ Бас хатшысы.

6 

2 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер - Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Оның жанында ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа агенттігінің астронавы, дат Андреас Могенсен болды. Біздің космонавт 10 қыркүйекте даниялық әріптесімен бірге Жерге оралды. Айдынды әріптестерімен бірге әуежайда күтіп алуға Елбасының өзі барды.

Ғарышқа бортинженер ретінде сапар шеккен Айдын Айымбетов Арал теңізі суының ластануы мен Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі бүліну деңгейін зерттеп қайтты. Ол, бұған қоса, ғарышта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге арналған видеожолдау да дайындады. Сөйтіп, өз тарихында үш ғарышкер, екі Жер серігін ұшырған Қазақ елі әлемдегі ғарыш державаларының қатарына қосылды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұрын Қазақстан тек Байқоңырымен белгілі болса, енді елімізде тұтас аэроғарыш саласы қалыптасты.

2015 жыл:

- 9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германияның Федералдық Канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Келіссөздер барысында екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мәселелері талқыланды.

- 6 ақпанда Астанада, еліміздің өзге де өңірлерінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты рәсім болып өтті.

- 25 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы шықты. Ол бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне тағайындалды.

- 12 наурызда «Нұр Отан» партиясының XVI съезі өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидат болып ұсынылды. Съезде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Бес институттық реформасын жария етті.

- 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге жұмыс сапарымен келген Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Мемлекеттер басшылары кездесу барысында Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының негізгі мәселелерін талқылады.

-20 наурызда Ақордада Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттері - Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко және Владимир Путин үшжақты кездесу өткізді.

7 

- 16 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге және «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының Іс-шаралар жоспарының маңызын арттыру туралы Хаттамаға қол қойылды. Ертеңіне Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Екі елдің басшылары түркі дүниесінің рухани орталығы болған шаһарда Қ.А.Ясауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті.

- 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Осы күні сайлаудың нәтижелері бойынша exit-poll қорытындысы жария етілді. Нақтылай айтқанда, exit-poll қорытындысы Н.Назарбаевқа - 97,5%, Т.Сыздықовқа - 1,87%, А.Құсайыновқа 0,63% дауыс берілгенін анықтап берді.

- 29 сәуірде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өтті. Айтулы шарада Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі.

- 7 мамырда Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Қазақстан Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушы күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскеру шеру болды. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары екі ел ынтымақтастығының маңызды мәселелерін талқылады.

8 

- 9 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен әскери шеруге қатысты. Елбасы Мәскеуге жасаған осы сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Нақтылай айтқанда, Елбасы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен, Венесуэла Президенті Николас Мадуромен, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржпен, Куба Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастромен, Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен, Чех Республикасының Президенті Милош Земанмен, ОАР Президенті Джейкоб Зумамен кездесті.

- 10 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өз жұмысын бастады. Съезд аясында өткен Діндер лидерлері кеңесінің екінші отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

9 

- 23 маусымда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Үндеуде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайтыны атап көрсетілді.

- 10 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Башқұртстан астанасы Уфада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының және Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасының мемлекетаралық бірлестігіне (БРИКС) мүше елдер президенттерінің басын қосқан саммиттерге қатысты.

- 27 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының елімізді өз қатарына ресми қабылдау шарасына қатысу үшін Швейцарияның Женева қаласына барды.

- 26 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шарифпен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

- 28 тамызда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Президенті Томислав Николичпен кездесті. Келіссөздер аяқталған соң, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылды.

10 

- 2 қыркүйекте Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарышқа ұшты. Ал 11-қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайында «Союз ТМА-16М» экипажының мүшелерімен - кеме командирі Геннадий Падалка, бортинженерлер Андреас Могенсен және Айдын Айымбетовпен кездесті. Айта кету керек, осы оқиғаның алдында ішінде қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, Ресей ғарышкері Геннадий Падалка және Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавы даниялық Андреас Могенсен бар ғарыш кораблінен бөлініп шыққан капсула Қарағанды облысындағы Жезқазған жеріне келіп сәтті қонған болатын.

-11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі.

 

-   21 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамемен кездесті.

- 28 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында әлемдік саясатқа қатысты жалпы пікірталаста сөз сөйледі.

11 

- 8 қазанда Жамбыл облысының Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Бұл шараларға Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы барша халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті. «Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті. Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

-26 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Катар мемлекетіне ресми сапары аясында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен келіссөздер жүргізді.

- 27 қазанда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Кеңейтілген келіссөздердің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және кеңейту туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

- 3 қарашада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары басталды. Елбасының бұл жолғы сапары Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның шақыруы бойынша ұйымдастырылды. Сапардың басты нәтижесі ретінде екі ел арасында 13 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылғанын айтуға болады. Ертеңіне Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета Букингем сарайында жүздесті.

- 5 қарашада Парижде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Франция еліндегі ресми сапары басталды. Елбасы бұл елге Франция Президенті Франсуа Олландтың шақыруымен келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мен Франция Президентінің Бірлескен декларациясы, сондай-ақ, басқа да түрлі салаларға қатысты құжаттар бекітілді.

-15 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Елбасы жиында: «Бабаларымыз ұмтылған аңсарлы мақсат - Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып саналады, - деп атап көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар