Тәуелсіздік шежіресі: 2013 жыл - Қазақстан 2050 жылға дейінгі стратегиясын айқындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің тарихындағы 2013 жыл несімен есте қалды дегенде, бұл жылда Қазақстанның «2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыстың қолға алынуымен ерекшеленетінін айтуға болар еді. Шындығында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясы - қазіргідей шапшаң өзгеріп, тез құбылатын заманда Қазақстанның адастырмас бағыт-бағдары болды. Сондықтан бұл бағдарламаны халыққа түсіндіруде 2013 жылы түбегейлі бетбұрыс жасалды.

Тұтастай алғанда «Қазақстан 2050» Стратегиясы экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық даму бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге, ұлттың сапалық жоғары деңгейге көтерілуі мен саналық дамуының да қозғаушы күші ретінде белгіленген болатын. Ол сонысымен де құнды еді. Сондықтан да осы  жылы атқарылған шаралардың қай-қайсынан да «Қазақстан-2050» Стратегиясының рухы аңғарылып тұрады.

null

Жаңа ғасырдың бір мүшелінде Қазақстан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытына ерекше ден қоя бастаған еді. Осы жылы индустрияландырудың алғашқы қарлығаштары іске қосыла бастады. Мысалы, Президент Н. Назарбаев жалпыұлттық телекөпірде отандық локомативтер шығаратын зауытты ашты. Бұл ғана емес, қазақстандық кәсіпорындар автокөліктер, ауыл шаруашылығы машиналарын шығара бастады. Сонымен қатар, дәл осы жылдың елеулі оқиғалары қатарына көптен күткен Қашаған кен орнының іске кірісуін де атауға болады. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, мұнай әлеміндегі елеулі оқиға еді. Сондықтан да Қашағанды ашу салтанатына Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон қатысып, жеке жұмыс кестесінде Сочи олимпиадасының ашылуына баруға уақыт бөлмеген Ұлыбритания Үкіметбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге уақыт тапқан болатын.

Жалпы 2013 жылы ел билігі Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға көп мән берді. Халықты жұмыспен қамту, жұртшылықтың өмір сүру деңгейін арттыру - Үкіметтің басты назарында ұсталды. Соның нәтижесінде осы жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде, жұмыссыздық 5,2 пайыздан, ал инфляция тәуелсіз Қазақстан тарихында орын алып отырған ең төменгі көрсеткіш - 5 пайыздан аспады. Қазақстан тарихында тұңғыш рет валюта қорын 100 миллиард долларға жетейін деді. Дегенмен, бұл ел Үкіметі үшін оңай жыл болған жоқ. Министрлер Кабинетінде ауыс-түйістер жиі орын алды. Біраз жыл бойы Ұлттық банкті басқарған білікті банкир Григорий Марченко өз еркімен жұмыстан кетті. Ал Үкімет бастама жасаған әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту бағытындағы жұмысына қоғам тарапынан үлкен сындар айтылып, кейіннен іске Президенттің өзі араласты. Елбасы Үкіметке қатаң қарап, ескерту жасай отырып, тапсырмаларын ерекше бақылауда ұстады.

null 

Тәуелсіздіктің 22 жылы саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыра бастаумен де ерекшеленді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы табысты өтті. Баламалы негізде мәслихаттар аудандық маңыздағы қалалардың, селолық округтердің, селолық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлады. Сөйтіп, барлығы 7 миллион 632 мың азаматтар тұратын мекен-жайлардың 2454 әкімі сайланды. Бұл елдегі бүкіл әкімдердің 91  пайыздан астамы. Бұл сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі - бұрынғы әкімдермен қатар, біраз жаңа, жас есімдер де еркін келіп, өз бақтарын сынап бақты. Тіпті, кейбір округтерде күтпеген есімдер басшылыққа келді. Жанама сайлаудың арқасында ел сайлаған аудандық мәслихат депутаттары өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Қалай болғанда да конституциялық заң аясында өткен жергілікті әкімдердің сайлауы өз мәресіне жетіп, жұрт жаңа бағдарға бет алды.

Саяси партиялар да белсендірек болды. Өмірге жаңадан «Бірлік» партиясы келді. «Нұр Отан» XV съезін өткізіп, халықтық демократиялық партия деген атауынан бас тартты, рухани құндылықтарды басымдық еткен Доктринаны қабылдады.  «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында Қазақстан Президенті партия Төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Отырыста «Нұр Отан» партия Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Бауыржан Байбек тағайындалды.

 

2013 жыл:

-  30 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен құқық қорғау органдарының 2012 жылғы жұмысының қорытындысына және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне арналған кеңейтілген кеңес болып өтті. Алқалы жиында Елбасы өзі жүргізіп отырды. Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

- 6 ақпанда Мадридте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания Королі I Хуан Карлоспен кездесті. Кездесу барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық бағыттағы, туризм мен халықаралық саясат саласындағы өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.

- 8 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшыларының кездесуінде өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелері жөніндегі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыру, сондай-ақ, 2013-2015 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын одан әрі іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

- 1 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиусты қабылдады. Мемлекет басшысы Францияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының сапары екіжақты қатынастардың нығаюының жоғары қарқынын танытатынын атап өтті. «Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы серпінді дамып келеді. Біз үшін Франция Еуропалық Одақ елдері арасында ірі инвесторлардың бірінен саналады. Қазіргі уақытта біз түрлі қызмет салаларындағы 25 бірлескен жобаны іске асырудамыз, екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективалары өте зор», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

-  11 сәуірде Назарбаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективалары, атап айтқанда, Қазақстан-Қырғызстан бірлескен инвестициялық қоры қызметінің нақты бағыттары қаралды. Сонымен қатар, тараптар өңірдегі жағдайды, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер барысын, сондай-ақ, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Бішкекте өтетін алдағы саммиті мәселелерін талқылады.

- 17 сәуірде Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Оның ішінде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдету жағына ерекше мән берілді.

null

- 24 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Президентінің қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті.

-  25 сәуірде Астанада ХІ Еуразиялық медиафорум өз жұмысын бастады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

- 10 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен кездесті. Кездесу барысында әріптестіктің негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимылды жандандырудың кең ауқымды мәселелері қозғалды.

- 23 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VІ Астана экономикалық форумының аясында Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті. БҰҰ-ның қолдауымен тұңғыш рет өткізіліп отырған Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияны өткізу бастамасын алғаш рет күн тәртібіне қойған да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сөйтіп, Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер, сарапшылар және іс басындағы мамандар әлемдік экономиканың жаһандық дағдарыстан шығу жолдарының түйінді проблемаларын тілге тиек етті.

- 28 мамырда Бішкек қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың, Ресей Президенті Владимир Путиннің және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі болып өтті. Халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланған, Қырғызстанның төрағалығымен өткен жиында бірқатар түйін тарқатылды.

- 29 мамырда Ақордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Кездесудегі отырысқа кеңеске мүше мемлекеттер басшылары - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және мүше болуға өтініш берген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев пен байқаушы мәртебесін алуға ниет білдірген Украина Президенті Виктор Янукович қатысты.

- 30 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығы шықты.

- 3 маусымда Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесіп, Еуроодақ пен еліміз арасындағы қарым-қатынастың сан қырлы мәселелерін талқылады.

- 1 шілдеде Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның елімізге сапары екі ел арасындағы әріптестік байланыстың тетігінің қаншалықты дамығанын тағы бір айқындап берді.

- 4 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасына сапармен барып, осы елдің жаңадан сайланған Президенті Хасан Руханиді ұлықтау салтанатында болды.

- 16 тамызда Әзербайжанның Габала қаласында түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) үшінші саммиті өтті. Саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Сапардурды Тойлиев қатысты.

null 

- 5 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Санкт-Петерборға барды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, сондай-ақ, басқа да мемлекеттер басшыларымен және делегациялар жетекшілерімен кездесулер өткізді.

- 6-7 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Қазақстанда болды. Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин кездесті. Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өзара ынтымақтастықты жаңа тарихи белеске көтеретін орасан мәнді оқиғаға айналды.

- 11 қыркүйекте Солтүстік Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелін өндіру бастау алды.

- 30 қыркүйекте Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахоймен кездесті. Кездесу барысындағы келіссөздерде тараптар Қазақстан мен Испанияның стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

- 4 қазанда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, келіссөз жүргізді.

null 

- 20 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезі болып өтті. «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы cот болып табылады. Жоғарғы cоттың абыройы - Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет», деді Елбасы алқалы жиында.

- 29 қарашада Астанада «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 20 жылдығына арналған форум өтті.

- 14 желтоқсанда елордадағы «Қазақстан» концерт залында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиналыс өтті.

-24 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен, Армения Республикасының Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке қосылуының жол картасы туралы, сондай-ақ, экономикалық интеграцияның бірқатар басқа да мәселелері қаралды.

Соңғы жаңалықтар