Тәуелсіздік рәміздері көздің қарашығындай сақталуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 маусым Қазақ елі үшін - тарихи күн. 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми бекітілген болса, 2007 жылы дәл осы күні ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына қол қойды.

Сүйінбай бабамыздың «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деп келетін толғауы бар. Осының өзі Отанға деген махаббаттың, рухтың ұлттық рәмізден бастау алатынын аңғартса керек. Шындығында, «егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта айбар еткен бабаларымыз тәуелсіздіктің басты белгілеріне әрқашан тәу етіп келді. Өйткені, мемлекеттік рәміздің өзі «тәуелсіздік» сөзін мәдени нышандар ұғымымен ұштастыратын синоним екені айқын. Рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Әлемде мойындалған қанша мемлекет болса сонша ту, сонша рәміз бар. Сондай рәміз арқылы ғана біз дүниеде «терезесі тең» елдердің қатарын танимыз һәм өзімізді де өзгеге танытамыз. Ендеше кез келген елдің тәуелсіздігінен оның рәміздерін де бөле-жарып қарауға еш болмайды. Оның үстіне егемен ел болып, өзінің тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты болса, соның бастысы - тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы.

Қазақстан да ел тәуелсіздігінің ақиқаты айқындалған тұста оны ең алдымен егемен елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік Декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейінгі күн тәртібінің басты мәселесі, тәуелсіздігіміздің рухани жаршылары атанған Мемлекеттік рәміздерімізді қабылдауға байланысты болғаны анық. Осылайша, ел тәуелсіздігі жариялануының тура 130-шы күні, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздері: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және осыдан біразырақ өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны (Гимні) қабылданды. Осылайша, бұл елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Көгімізде Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды бекіткен сәттен бастап елдігіміздің белгісін әлем жұртшылығы тағы бір мәрте мойындады. Ендеше қазақ үшін, оның ішінде елдіктің тірегін сақтаушы өскелең ұрпақ пен оның патриоттық тәрбиесі үшін 4-і маусым ерекше күн ретінде саналып, қастерленуі шарт. Жалпылама алғанда мемлекеттік рәміздер - бұл белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі, нышан. Ал әлемдік каталогқа енген Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне келетін болсақ, халықаралық қауымдастық пен саралы сарапшылар, талғамы жоғары танымгерлер арасында елдігіміздің символдары ерекше жоғары бағаланғаны белгілі. Бұлай болуы да заңдылық іспеттес. Өйткені, Қазақстанның Көк туы мен Елтаңбасы төл тарихымыздың тамырын тереңнен бойлап, алаштығымызды айқындайтын ұлттық болмысымыздың айшықты арқауы ретінде танылады. Көк Туым - теңдігім Қазақтың Көк Туының да өз ұлттық, рухани болмысы бар. Мәселен, Туымыздың зеңгір көк түсі біртұтастықтың, бірліктің және бейбіт те ашық көк аспанның белгісі. Көк байрақта орналасқан күннің белгісі тыныс тіршіліктің, шаттықтың және қайғысы жоқ өмір нышанының белгісі. Күн астында шалқып, қалықтап ұшқан дала қыраны. Ұлы даланы мекендеген көшпенді жұрты ықылым заманнан ақ қыран құсты күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде біледі. Сондықтан да ондай белгінің ұлы даланың бүгінгі мұрагері Қазақ елінің төл Туында көрініс табуы да заңдылық. Қыранның қырағылығы мемлекеттің мызғымастығын танытып тұратындай. Тудағы тағы бір ерекше белгі ою өрнекті «Қошқар мүйіз». Бұл халқымыздың бай мәдениетін, сұлулықты түсіндірудің эстетикалық заңдылығын қамтиды. Бүгінгі күні біздің көк байрағымыз Қазақстаннан тысқары жерлерде де - Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратының алдында, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерде орналасқан елшіліктеріміздің маңдайшаларында тұр. Қазақтың Көк Туын ғарышкер алаш азаматы Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, Жеті қабат көктің жүзіне көтерсе, тау қыраны - альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына алып шықты, дүлдүл спортшыларымыз Әнұранмен бірге Көк Туды басқа елдердің алдында абырой биігіне көтере желбіретті. Бұған, бұндайға мақтанбайтын қазақ баласы жоқ шығар, сірә! Елтаңбам - елдігім Ал Елтаңбаға келсек, оның да бүгінгідей болып, терең мағыналы шығуына жобаларды іріктеу мен қабылдауға қатысқан шығармашылық комиссия мүшелері мен Парламент депутаттарының да ықпалы мол болды. Дегенмен Елтаңбағаға қатысты үлкен еңбек қос сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шот-Аман Уәлихановқа тиесілі. Осы авторлардың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген Елтаңбадағы шаңырақ - өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуға үндейді. Оның үстіне дәл осы шаңырақ бейнесін кезінде Алаш ардагерлері де өздерінің ұлт баспасөзінде пайдаланып, оны ұлттық рәмізі деңгейіне көтере алғаны анық. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу - алтын түстес. Әпсаналық арғымақтар да геральдикалық дәстүрлерге қайшылығы жоқ еркін шығармашылық көзқарастардың көзайым көрінісі ретінде қабылданған болатын. Әнұран - ерлігім Ал ұлттың рухани тұтастығын білдіретін Қазақстанның Әнұраны «Менің Қазақстанымның» тарихи өзегі де елдігімізбен етене. Ол сонау Кеңес Одағының ызғарлы тұсында қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келген, ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған ән еді. Кейіннен қазақ халқының рухын жанитын бейресми ұранына айналған осы туынды 2006 жылғы қаңтарда ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне кейін тәуелсіз елдің тілегін айшықтайтын түзетулерді Президент Нұрсұлтан Назарбаев енгізген болатын. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет осы Әнұран 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Елбасының сөзімен қорытындыласақ: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз». Ендеше Елбасының осы ұстанымын мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл қоғам болып өзінің ұдайы басты назарында ұстауы керек. Өйткені, бір жағынан біздің елдігіміздің сыналатын бір тұсы да осы.

Соңғы жаңалықтар