Тәуелсіздік пен Елбасы - егіз ұғым

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ата-бабаларымыздың бірнеше ғасыр бойы армандаған азаттығына қол жеткізіп, әлем картасындағы Ұлы дала жерінде Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеріп, босағасын берік, керегесін кең еткенімізге де 27 жыл толып отыр. Иә, тарих үшін бұл қысқа ғана, қас-қағым сәт. Алайда осынау аралықта Қазақстан келелі кеңестерде төрелік айтатын, ат-құйрығын кесісіп, бір-бірінен есе қайтаруға бел буған мемлекеттерге арағайындық жасап, бітістіруге де қабілетті ордаға айналып үлгерді. Еуразия құрлығында қоғамдық татулық пен келісімнің, ұлттар бірлігінің, діндер ымырасының озық елі бола білді.

Ел ішіндегі ахуал да түбегейлі өзгерді. Мәселен, тегеуріні берік, тепкісі қатты кеңес заманында тең жарымынан айрылған халқымыз ана тілінен көз жазып қала жаздады. Бірақ, бұл халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын басып жанши алмады. Тіліміз де Тәуелсіздік алған жылдары қайта жанданып, тұғырына мінді. Бүгінде әлемде 6 мың тіл болса, соның тек 192-сі ғана БҰҰ деңгейінде мойындалған. Ал біз қазақ тілін мойындатып қана қоймай БҰҰ мінберінен алты құрлыққа тараттық. Сол бір зұлмат заманның теперішінен өзге елдерге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың тарихы Отанына табан тіреп, қасиетті топырағына тәу етуіне барлық жағдай жасадық. Іргемізді бекемдеп, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен  арадағы байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекітіп, шегендедік. Сол шекарамыздың мызғымастығын, еліміздің тыныштығын қорғауға қабілетті айбынды Армияны құрдық. Тарихымызды қайта түлеттік. Алыс-жақын шетелден қазаққа қатысты тың дүниелерді, материалдарды, тарихи деректерді елге алдырдық. Қазақ мемлекетінің тарихы 19 ғасырдың басынан емес, сонау ғұн, сақ заманынан басталатындығын нақты дәлелдермен дәйектедік. Осылайша небәрі 27 жылдың ішінде саяси, діни, экономикалық та мүдделер қақтығысы өршіп тұрған заманда татулық пен тұрақтылық орныққан Отанымыз Қазақстанды ынтымақ ұясына - жерұйық мекенге айналдыра алдық.

Ал мұның барлығы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал шешімдерінің арқасы екендігін бүгінде дүйім дүниежүзі мойындайтындығы шындық.

 

Соңғы жаңалықтар