Тәуелсіздік мерекесіне орай Түркістан облысында 60 отбасы баспаналы болды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында 60 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік күні мерекесі мен Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік осал топтар санатындағы 60 отбасы баспаналы болды.

Жаңа қоныс иелерін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құттықтады.

«Тәуелсіздік алған 31 жыл ішінде мемлекетімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Азаттықтың арқасында ауылдарды дамытуға мүмкіндік туды.

Осы уақыт ішінде бір ғана Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 500 отбасы қоныс тойын тойлады. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы саясаттың жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамтуды басты назарда ұстайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», – деді Дархан Сатыбалды.

Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығында Төле бидің еңселі ескертші ашылды. «Төлеби баба» саябағында орналасқан биіктігі 23 метр болатын мыс ескерткіш демеуші Әсет Қайыпбековтың есебінен жасалған. Мүсін салмағы — 25 тонна.

Мерейтойда «ETNO – АYYL» алаңындағы ұлттық спорт ойындарынан сайыс өтті. Киіз үйлер тігіліп, халық әндері шырқалды. Ел ағалары елді бірлікке шақыратын ойларын айтып, кеңес құрды. Жергілікті кәсіпкерлердің тауар көрмесі ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар