Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматыда қандай нысандар ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде Алматыдағы әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық жаңа нысандар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматыда бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар ашылды.

«Мәселен, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында көптен күткен жолайырық, Абай даңғылы бойымен Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін, одан әрі қаланың батыс шекарасына дейін өтпелі көлік қозғалысы ашылды. Индустриалды аймақта үлкен диаметрлі болат дәнекерленген құбырлар шығаратын зауыт іске қосылды. Бұдан басқа, Алатау ауданында индустриалды аймақ нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заманауи өрт сөндіру депосы ашылды. Сондай-ақ, Алатау ауданында Б. Момышұлы көшесінің батысына қарай желілі жаңа саябақ салынып, 107,1 га алаңда 600-ге жуық түрлі ағаш отырғызылды»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Әлеуметтік нысандардың ішінен қала әкімі Наурызбай ауданының №36 емханасы жанынан заманауи КТ-аппараты бар диагностикалық орталықтың, Әуезов ауданындағы №186 балабақшаның күрделі жөндеуден өтіп, сейсмикалық күшейтіліп, жалға беруден қайтарылып ашылғанын атап өтті.

«Алдағы күндері тағы да бірқатар нысанды ашу жоспарланып отыр. Наурызбай және Әуезов аудандарында Nur Otan партиясының аудандық филиалдарының жаңа ғимараттары ашылады. Наурызбай ауданында №7 ҚКА қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусы да іске қосылады. Алатау ауданының Томирис және Наурызбай ауданының Қалқаман ықшам аудандарында жаңа мектептер, Жетісу ауданында екі жаңа ДСК пайдалануға беріледі»,- деді қала басшысы.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Сарыарқа» және «Б.Момышұлы» метро станцияларының жақын арада техникалық іске қосылатынын еске салды.

Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 211 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы аудандағы «Мәдениет» кешенінен пәтер кілтін алды.

Жақында 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар да жаңа қонысын тойлады. Осы санаттағы алматылықтарға барлығы 1 050 пәтер бөлінеді.

Қалалық «Алматы жастары» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 926 несие берілді. Көпбалалы отбасыларға сатып алу құқығынсыз 267 жалдамалы пәтер бөлінді.

Б. Сағынтаев жалпы биыл кезекте тұрған 5 394 адамның пәтер алатынын, оның ішінде «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін 1 013 кредиттік заем, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандардың барлық санаттары үшін 2146 кредиттік қарыз берілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар