Тәуелсіздік мерекесін қалай атап өтуіміз қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан 29 жыл бұрын еліміз егемендік алып, тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланды. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткізіп, бүгін Тәуелсіздік күнін кезекті рет қарсы алып отыр. Сондықтан негізгі мемлекеттік мерекенінің мән-мазмұнын ұғынып, егемен елдің елдік мейрамын атап өту маңызды. Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері «ҚазАқпарат» агенттігіне сұхбат беріп, Тәуелсіздік күнін қалай ұлықтау қажет екені туралы пікір білдірді.

ҚР ҰҒА Президенті, академик, профессор, химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынұлы Жұрынов:

- Тәуелсіздік күні - ұлтымыздың басты мерекесі. Себебі бұл мейрамның ықпалы өте зор. Мереке күні дастарханымызға ұлттық тағам қойылып, әр шаңырақ ерекше атап өтуі тиіс. Сондай-ақ атаулы мейрамда тұрмысы төмен азаматтарға садақа, зекет беруіміз қажет. Садақаны көпшілігі керек емес затыңды өзгеге беру деген пікірде. Бұл қате. Азат ел болғанымызға шүкіршілік айтып, бақуатты адамдар көмекке мұқтаж жандарға садақа беруі орынды деп ойлаймын. Осындай шаралардың мереке қарсаңында ұйымдастырылуы игі істерге бастама болады. Жастарды Тәуелсіздік мерекесі арқылы тәрбиелеуіміз керек.

Отандастарымды тарихымыздағы ең негізгі мейрам – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Атаулы күнде әр отбасыға амандық тілеймін!

Этнограф Болат Бопайұлы:

-Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Ат тұяғы дүбірлеген ұлан байтақ даламызды сақтап қалу үшін қаншама қырғын мен соғысты бастан өткердік. Мәселен, Абылай хан, Әз Жәнібек хан кездерінде батырларымыз жерді азат етіп, қазақ халқы елдік мерекесін тойлаған. Ол уақытта бірнеше күнге жалғасатын той ұйымдастырып, елді, жерді қорғаған батыр бабаларымызды ұлықтаған. Жауды жайпаған ерлерге ат мінгізіп, түйе жетектетіп, шапан жапқан. Сондықтан қазіргі таңда бабадан қалған салтты үзбей, Тәуелсіздік мерекесінде ұлағатты іс атқарған азаматтарға құрмет көрсетуіміз керек. Осындай бастамалардың нәтижесінде ғана өз Отанын сүйетін жастарды тәрбиелей аламыз. Ал нағыз жанашыр жастары бар халықтың салты мен дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті өлмейді.

Осы орайда қазақ халқын егемендік мерекесімен құттықтаймын. Әр күніміз бейбіт әрі шуақты болсын!

ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ғарифолла Есім:

- Тәуелсіздік тек 16 желтоқсан емес. Біздің әрбір күніміз, әрбір сағатымыз тәуелсіз болуы тиіс. Егеменді ел болғанымызға келер жылы 30 жыл толады. Бұл уақыт санамыздың, түйсігіміздің тазаруы туралы әңгімеге айналуы шарт. Азаттық, әсіресе, жас буын санасына серпіліс беруі керек. Ал біз, аға буын жастарды жетелемей, керісінше солардың жетегінде келе жатырмыз. Өскелең ұрпақ – сауатты. Тек үлкендер жастарға тәуелсіздік туралы кеңістікті кеңейте алмай отыр. Біз жастарға: «Менікі дұрыс, менің айтқаныммен жүр», - деп үнемі қысым жасаймыз. Бұл қате. Жастар саналы сараптап, жағайды өздері өзгертуі керек. Ол үшін тәрбие, білім, мәдениет және ғылымды ілгерілетуіміз керек. Осы дүниелерді көтерсек, әр нәрсе өзінің қанық бояуына енеді.

Бүгінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрмыз. Бұған қоса Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ал хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қатар келді. Әбу Насыр әл-Фараби осыдан он ғасыр бұрын өмір сүрген. Ал Абай Құнанбайұлы одан тоғыз ғасыр кейін қазақ даласын мекен етті. Осы 900 жыл аралығында тарихта небір жағдайлар орын алды. Әлемнің екінші ұстазы он ғасыр бұрын айтып кеткен дүниелерді тоғыз ғасырдан кейін Ұлы Абай қайталап отыр. Бұл ұрпақтар сабақтастығының үзілмегендігін көрсетеді. Неге үзілмеді? Біріншіден, мұсылмандығымыз, екіншіден түркі тілі. Осы екі фактор Әбу Насыр әл-Фарабидің айтқандарын Абай заманына, Абай біздің заманға жеткізді. Бұл рухани байлық қазақ халықтың көрегендігі мен даналығының арқасында сақталып қалды.

Бұның барлығы - тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жемісі. Сондықтан Қазақстан халқын атаулы мерекемен құттықтаймын!

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы:

- Тәуелсіздік - бұл саяси мейрам. Оның негізгі концепциясы – азаттық. Тәуелсіздік бұл кейіннен шыққан ұғым. Ал ата-бабамыздың арманы - азаттық, бостандық еді. Әлемдік картада қазақ мемлекеті қайта жаңғырды. Мереке қарсаңында «Желтоқсан оқиғасы» құрбандарын еске аламыз және Жаңа жылды атап өтуге ерте кірісеміз. Бұның барлығы қарбалас өтеді. Сондықтан Тәуелсіздік мерекесі жалпыхалықтық сипат алған жоқ деп ойлаймын. Оған қоса, жас мемлекет екенімізді де ескерген жөн. Әрбір жүрегінде намысы бар азамат бұл күнді мүмкіндігінше жоғары деңгейде атап өтуі керек. Себебі біздің әрбір жетістігіміз тек Тәуелсіздіктің арқасында келді. Қазір қиын жағдай туындады. Пандемия жаһандық қысым жасап жатыр. Сондықтан баршаға осы сынақтан абыроймен өтуді тілеймін. Мемлекетіміз көркейіп, Тәуелсіздік тұғыры нығая берсін!



Соңғы жаңалықтар