Тәуелсіздік құрдастары арасында қазақ тілін білуден байқау өтті - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап жүрген тәуелсіздік құрдастары арасында «Тәуелсіздік барысы» атты облыстық онлайн байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, шараға облыстың аудандары мен қалаларынан 1991 жылы туған жастар, яғни 30 жастағы 13 үміткер қатысты. Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жастар арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру, ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді. Қатысушылар өздерін таныстырып, жеткен жетістіктері туралы бейнеролик дайындады. Сайыстың соңғы кезеңінде олар болашақтағы мақсат-жоспарларымен бөлісті.

«Еліміз Тәуелсіздік алған жылы туған ұл-қыздар, бүгінгі күні әр саланың қыр-сырын меңгерген маман иелері екенін түсіндім. Бүгінгі байқауға қатысқан Тәуелсіздік құрдастарының ішінде ақын да бар әнші де бар, мұғалім де, әкім де, полиция қызметкері де бар екен. Үміткерлердің барлығы өнерлі, ал жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. Тәуелсіз елімізде осындай білімді де, талантты жастарды көргенде қуанышымда шек болмайды», - деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Жұлдыз Әбілқайырова.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға Көкшетау қаласынан Фариза Асылбекова лайықты деп танылса, екінші орынды Ерейментау ауданынан Ерлан Дәулетұлы, үшінші орынды Жақсы ауданынан Құралай Құдайбергенова иеленді. Сайыс жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, өңірде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған 12000-нан астам шаралар өткізілді
Соңғы жаңалықтар