Тәуелсіздік күнін кім қалай қарсы алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік - ең қастерлі, қасиетті ұғым. Бұл сөзді айтқан кезде арғысы - егемендік үшін қасық қаны қалғанша айқасқан батыр бабаларымыз, бергісі - Желтоқсан оқиғасы құрбандары көз алдыңа елестейді. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі әртүрлі саладағы қоғам белсенділерінен бұл күнді қалай атап өтетінін сұрады.

Қуаныш Сұлтанов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Тәуелсіздік күні – біздің отбасы үшін ең қасиетті, ең үлкен мереке. Бұл күні таңертең оянған немерелерім маған әнұран айтып береді. Осылайша мерекелік көңіл-күй сыйлап, өздері де бұл мерекенің маңызын түсінеді.

Менің ойымша, әр адам осылай істесе Тәуелсіздік күні отбасылық мерекеге айналады.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау ауданының әкімі:

- Мен бұл күні ресми іс-шараларға қатысамын. Отбасы мүшелерін мерекемен құттықтаймын, бірақ үлкен дастархан жайып отырамыз деп айта алмаймын.

Тәуелсіздік күні – мемлекеттік деңгейдегі мереке. Ол туған күн, мерейтой, Жаңа жыл, Наурыз мерекесі сияқты отбасылық мерекеге айналған жоқ. Мемлекеттік мерекенің дәрежесі бөлек. Мұнда ең бастысы – мемлекеттік құндылықтарды ардақтау. Әрине,бұл күнді бәрі атап өтіп, ұлықтау керек, бірақ бәрібір жақын арада отбасылық мереке бола алмайды. «Отан – отбасынан басталады», сондықтан бұл мереке отбасында да аталып өткені дұрыс. Дегенмен, мемлекеттік құндылықтарға қызықпайтын отбасылар, өкінішке қарай, әлі көп.

Расул Жұмаұлы, саясаткер:

- Тәуелсіздік күні – қатардағы мереке емес. Бұл күн жай ғана демалыс күні емес, әр қазақ мақтан тұтатын, маңызын түсінуге ұмтылатын күн. Өз басым бұл күні балаларыммен бірге орталық алаңдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойып, ілтипатымды білдіремін. Бұл - Тәуелсіздік күні қалай келгенін еске алып, бағалайтын күн. Сол күні отандық телеарналардан Тәуелсіздік күнінің құрметіне көрсетілетін деректі фильмдерді тамашалаймыз.

Бұл күн - кешенді идеологиямен, ұлттық сана-сезімді қалыптастырумен тікелей байланыстағы мейрам, сол себепті мектеп табалдырығынан бастап осы күннің маңызын кең көлемде насихаттауымыз керек.

Қарақат Әбілдина, әнші:

- Тәуелсіздік күні отбасында болсын, қай жерде болсын - кең көлемде аталып өтуі керек. Өзім балаларыма бұл күннің оңайлықпен келмегенін, ата-бабамыздың төгілген қаны, көз жасымен келген қастерлі күн екенін айтып отырам. Бұл – әрбір ата-ананың міндеті.

Тәуелсіздік күніне орай әнші ретінде репертуарымызды жаңартып, ел-жерді сүюге қатысты ән жазамыз. Әнші бола тұра Тәуелсіздік күнін ұлықтап, Отаныңның қасиетін түсініп, әнге қоспау мүмкін емес.

Менің мектебім Жаңа жылды тойламайды. Оқушылардың патриоттық сезімін ояту үшін мереке қарсаңында «Тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты концерт өткізіп, Тәуелсіздік күніне қатысты ән айтып, поэзия оқып, балалар бар өнерін ортаға салады. Тәуелсіздікті мақтанышпен жырлау керек екенін жас ұрпақтың санасына сіңірсек, осының бәрі балалардың жадында жатталып қалады. Бұл – Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге қосқан менің үлесім.

Соңғы жаңалықтар