Тәуелсіздік күні: Шығысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды
2020 жылғы 15 желтоқсан 22:20

Тәуелсіздік күні: Шығысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының үздіктеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов жерлестерін Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, еліміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан шығысқазақстандықтарға алғыс білдірді.

«Құрметті жерлестер! Баршаңызды қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы айтулы күнде ерен еңбектеріңіз бен еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін жоғары мемлекеттік наградаларды табыстауға рұқсат етіңіздер. Мен үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сіздерді марапаттау үлкен құрмет», - деді ол.


Облыс әкімі 37 шығысқазақстандыққа салтанатты түрде мемлекеттік наградаларды тапсырды. II дәрежелі «Достық» орденімен Глубокое ауданындағы «Семена Масличных» ШҚ басшысы Людмила Цыбенко марапатталды. Ол облыстағы ірі шаруа қожалықтарын басқарып, күнбағыс және дәнді дақылдардың бірегей тұқымдарын өсірумен айналысады. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысып келеді.

«Ұлық мереке қарсаңында осындай жоғары құрметке ие болу мен үшін үлкен қуаныш! Ең алдымен татулығы жарасқан мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіремін. Барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!» – деді Л. Цыбенко.

Сонымен қатар «Құрмет» орденімен Илья Елфимов, Жайық Жұмаханов, Қайрат Қожахметов, Умуд Эфендиев марапатталды. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары әр салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға берілді. Тағы 13 адам ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен мадақталды.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT