Тәуелсіздік күні қарсаңында Есікте екі бірдей көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысының Есік қаласында Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы даланың сақ өркениеті» және «Таңбалы – тарихтан сыр шертеді» атты екі бірдей көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы даланың сақ өркениеті» көрмесінде сақ-үйсін кезеңіне жататын (б.з.д V-III ғ.) 2019 жылы Алматы облысының Кеген ауданы Жалаңаш ауылдық округіне қарасты Тоғызбұлақ ауылынан кездейсоқ табылған қуыс тағанды қола қазанның таныстырылымы жасалды. Бұған дейін қазанды ауыл тұрғыны Фархат Тергеусізов пен Медет Исабаев және журналист Мақсат Ясылбайұлы музейге сый ретінде табыстаған болатын. Қазанның биіктігі – 53 см, тереңдігі – 36 см. Ернеуінің диаметрі – 55-58 см. Бүйірінің жоғарғы жағында доға тәрізді екі тұтқа бірге құйылған. Қазанның таныстырылымын жасаған музейдің бас қор сақтаушысы Әсел Омарғазиеваның айтуынша, түп тарихымызға тереңдеп, төл мәдениетіміздің түпкі қатпарларына бойлауға мүмкіндік беретін және ежелгі металлургия ісінің даму деңгейін көрсететін жәдігердің бірі. Сондай-ақ, мыңдаған жылдар бойы ұлы дала халқымен бірге жасасып келе жатқан атрибуттық мәнге ие киелі ыдыс. Көшпенді халықтар қазанды жорық кезінде және күнделікті өмірде ас дайындауға, сонымен қатар оны түрлі діни ғұрыптық салттар атқару кезінде қолданған.

«Табылған тарихи олжаларды сақтау үшін арнайы орын болу керек. Ол орын - музей. Ел азаматтарының бізге аманаттап тапсырған жәдігерлерін біз барлық талаптарға сай сақтап, оны болашақ ұрпаққа бабадан қалған мұра ретінде жеткізу жолында жасап жатқан істеріміз кейінгіге өнеге, үлгі болмақ. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихи құндылықтарымызды дәріптейтін музей ісін дамытып, заманауи тұрғыда жұмысын жолға қою, туристерге қолайлы жағдай жасау біздің басты мақсатымыз болып қала береді», - деді көрменің ашылуында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаев.

Сонымен қатар музейде «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің жылжымалы көрмесінің ашылуы салтанаты өтті. Көрмеде «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесіне арнайы жасатылған 4-топ петроглифтерінің 118 жазықтығының көрінісінің панносы, виртуалды тур көрсетілген электронды планшеттер мен қазба жұмыстарында табылған қыш ыдыстар қойылған.

«2004 жылы «Таңбалы» археологиялық ландшафтының жартас суреттері UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. «Таңбалы» қорығында әлемде сирек кездесетін петроглифтер, ежелгі адамдардың қоныстары сақталған. Жалпы айтқанда, жоғалып кеткен дала өркениетінің табиғатпен үндесуі арқылы бүгінге жеткен шежіресі іспеттес. Бүгінгі бірлесе өткізіп жатқан көрмені маңызды бастама деп айта аламыз. Бұл музей саласының қызметкерлеріне тың серпіліс, ерекше қарқын береді», - дейді «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және қорық-музейінің ғылыми қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтов.

Айта кетейік, іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші археологтардың бірі Смайлов Жұман және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Геоархеология» халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бексеитов Ғалымжан сынды археологтар мен ғалымдар қатысып, археология саласының бүгіні мен болашағы туралы пікір алмасты.

Аян Бекенұлы

Соңғы жаңалықтар