Тәуелсіздік күні бір топ шымкенттік жастар баспаналы болды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жастар қоныс тойын тойлады. Қала әкімі Ерлан Айтаханов Жастар жылы аясында жұмыс істейтін 30 жас маманға пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастарға берілген пәтерлер Ақназар хан көшесіндегі көпқабатты үйлерде орналасқан.

Салтанатты шара барысында шаһар басшысы мемлекеттік бағдарламаның ерекшілігі жастарға өзінің болашақтағы жеке меншік үйінің бастапқы жарнасын жинақтауға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Аталған тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға беріледі. Яғни, жастарымыз пәтерден-пәтерге көшіп жүрмей, ай сайын нарықтағы пәтерақының орнына 5-7 мың теңге көлеміндегі төлемақыны төлейді. Жыл соңына дейін қалада жұмыс істейтін 904 жас пәтермен қамтамасыз етіледі»,- деді қала әкімі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне жастар үшін жыл сайын 1000 пәтер салуды тапсырған болатын. Осыған байланысты Шымкентте ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге қаржы қаралып, жалпы алаңы 58 500 шаршы метрді құрайтын 904 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде, 304 пәтер құрылысын салу арқылы және 600 пәтер сатып алу арқылы үлестіріледі.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Каз Медео Гранд» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізген тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Баспаналы болған жастар пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидасына сәйкес алған. Үміткерлердің құжаты жинақталып, пәтерлерді бөлу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеді.

Соңғы жаңалықтар