Тәуелсіздік көпірі Өзбекстан арқылы жол жүретін тұрғындарға көмек болды – Өмірзақ Шөкеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысы аумағында 8 мың шақырымнан астам жол салынды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Советтік заманда жүзеге аспай арманға айналған жобаларды атап айтсақ, Сырдария өзенінде 430 метрлік Тәуелсіздік көпірі салынды. Бұл көпірдің маңызы өте зор болды. Өйтекені сол кезде Мақтарал, Жетісайдағы 350 мың тұрғын республикалық күрежолға шығу үшін Өзбекстан территориясымен көптеген тексерістер арқылы өтетін еді. Қазір осы жолдың арқасына тікелей шығатын болды. Бұған қоса Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен жалғайтын Арнасай айналма жолы салынды. Бұл Шардара, Жетісай, Мақтаарал өңірлерін облыс орталығы Түркістанмен жалғайтын ең қысқа магистраль болды», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі Ташкент, Алматы, Қызылорда бағыттарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі салынғанын атап өтті.

«Бұл дәліздің 448 шақырымы біздің өңірден өтеді. Қазір осы магистральға үйреніп қалдық. Бұл жолдағы жүк айналымы 2,5 есеге артты және көптеген тұрғындарымыз үшін табыс көзіне айналды. Тәуелсіздік жылдары жалпы облыс аумағында 8 мың шақырымнан астам жол салынды, 71 көпір жөндеу жұмыстарынан өтті. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жол үлесі 87 пайызға жетті», - деді әкім.

Сонымен бірге, Сырдария бойындағы елдімекендерді су тасқынынан қорғау үшін Көксарай су реттегіші іске қосылған.

«Бұл реттегіш болмай тұрғанда жыл сайын Үкімет резервінен қаржы бөлініп отыратын. Қазір ол суды Көксарай реттегіші арқылы Сырдария арнасын бақылап отыруға болады. Оған қоса, бұл қойма жылда Шардара су қоймасына сыймай, сыртқа кететін 3 млрд текше метр суды қыс кезеңінде сақтап қалып, вегетация кезеңінде Қызылорда облысының пайдасына беріп отыруға мүмкіндік берді. Бұл жерде қосымша 38 мың гектар лимандық жайылым жер пайда болды. Аумақтағы мал саны екі есеге көбейді», - деді Ө. Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар