Тәуелсіздігіміздің бастауында Егемендік туралы декларация тұрды - Мәулен Әшімбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызды келе жатқан ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қалпына келтіріп, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған еді. Бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, Парламент тиісті заң қабылдады. Соның нәтижесінде биыл бұл күнді ұлтық мереке ретінде кең көлемде атап өтіп жатырмыз. Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» алаңының кезекті отырысы да осы мерекенің қадір-қасиетіне және ел дамуындағы мәні мен маңызына арналып отыр. Жалпы, 1990 жылдың 25 қазаны еліміз үшін тарихи күн болғаны сөзсіз. Біздің тәуелсіздігіміз осы күннен бастау алады деп айтсақ та, артық бола қоймас. Себебі, 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық», - деді М. Әшімбаев «Егемендік және Қазақстанның саяси-құқықтық трансформациясы» тақырыбына арналған Сенаттағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысында.

Осы орайда ол 25 қазан еліміз үшін азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге қол жеткізген күн ретінде қадірлі екенін атап өтті.

«Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау – еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы болды. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары құжаттың әр тармағына, оның ішінде ұлттық мүддеге қатысты тұстарға баса мән берді. Оларды қорғау үшін қызу талқылаулар болғаны да белгілі. Жалпы, біз сол кездегі аға буынның батыл әрі табанды әрекеттерін үнемі айтып жүруіміз керек.

Кейде қоғамда Декларацияға қатысты атүсті көзқарас бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Бірақ, оның мәтінімен танысқанда, маңызына мән бергенде азаматтардың пайымы өзгеретіні сөзсіз. Декларация – ғасырлар бойы қолына тізгін тимеген елдің өз тағдырын өзі айқындайтын деңгейге көтерілуінің белгісі. Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан өзін халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекітті. Бұл шын мәніндегі егемендіктің көрінісі еді. Құжатта ел территориясының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы туралы стратегиялық норма нақты белгіленді. Сондай-ақ, еліміз демократиялық құқықтық мемлекет құру жолымен жүретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Декларация өркениетті билік жүйесіне көшудің негізін қалыптастырды. Осылайша, тұңғыш рет бізде биліктің үш тармағы пайда болды. Егемендігімізді нығайтып, мемлекеттілігімізді дамыту үшін бұл аса маңызды қадам болғаны сөзсіз», - деді Сенат төрағасы.

Оның пайымынша, мұның барлығы тәуелсіз ел болуға деген нақты әрі батыл ұмтылыс екені анық. Сондықтан, Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңызына әрдайым баса мән беруіміз керек.

Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар