Тәуелсіз мемлекетімізді бейбіт өркендетуден басқа жол жоқ – Ахмет Мұрадов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әрбір саналы азамат мемлекетіміздің өсіп-өркендегенін, әлемдік қоғамдастық алдында беделі арта түскенін қалайды. Бүгінде есті адамды толғандыратын мәселе көп. Елдің келешегі туралы ойлап, өз ұсыныстарын айтып жүрген азаматтар аз емес. Соның ішінде осы елде туып, еңбек етіп, қоғамдық-саяси істерге белсенді араласып, пікір білдіріп отыратын танымал тұлғалар да бар. Солардың бірі, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығының тең төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Ахмет Мұрадов еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауы туралы ойларымен бөлісіп, ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің қос Палатасы депутаттарының алдында халыққа жария еткен Жолдауын тыңдап, елдің келешегі туралы мол мағлұмат алдым. Осы мінбеде үш жыл бұрын ол өзіне Қазақстан Республикасы Президенті деген үлкен жауапкершілікті алып, ант берген сәті есіме түсті. Осы өте күрделі әрі маңызды қадамдар жасалған үш жылды ел дамуындағы елеулі кезең деп айқын түрде айта аламын, - деді ол.

-Мемлекет басшысына жүктелген міндет бірнеше жылдарға татиды. Көптеген оқыс оқиғалар уақыт дөңгелегін жылдам айналдырып жіберді. Ал оған жасалған қысым адам төзгісіз болғанын жасыра алмаймыз. Әсіресе, әлемді жайлаған коронавирус індеті, әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, осындай жағдайда елдің дамуын сақтап қалу, халықты әлеуметтік қолдау мәселесі кімге де оңай болған жоқ. Оның үстіне бейбіт митингіден үлкен бүлікке айналып кеткен қасіретті қаңтар оқиғасы ауыр соққаны анық. Бұған дейін көп байқалмай келген жат пиғылды адамдардың іс-әрекеттері, елде төңкеріс жасауды мақсат еткені әшкере болды. Мемлекетке және халыққа қарсы әрекет жасауға ешкімнің құқығы жоқ! Президент қиын кезеңде барлық жауапкершілікті өзіне алды, халықтың тағдырын бірінші кезекке қоятынын ашық мәлімдеді. Конституцияда көрсетілгендей, ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын тұлға екенін, халық пен билікті бірлікте ұстап, ел азаматтарының құқығы мен бостандығына кепіл болатынын өз ісімен дәлелдеп берді.

Үш жылдан бері барлық салада жаңа реформалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Нәтижесін халық сезіне бастады. Ал жаңа Жолдауда алға қойылған міндеттер халық тарапынан қолдауға ие болды. Елдің болашағын ойлайтын әрбір азамат Президенттің бастамасын құптайтыны сөзсіз. Бүгінде Мемлекет басшысының жақтастарының қатары арта түскенін бәрі де көріп отыр. Бізде бір-ақ жол бар. Ол – тәуелсіз мемлекетімізді бейбіт жолмен өркендету! Жаһанды жайлаған қиындықтар кезеңінде экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу өте қиын екенін әркім-ақ жақсы түсінеді.

Осы Жолдауда қоғамда туындаған, халықты толғандырып отырған барлық маңызды сұрақтарға жауап берді. «Біз ертең-ақ таңғаларлық жетістіктерге жетеміз» дегендей әсіре жоспарлар айтқан жоқ. Президенттің әр бастамасына терең үңілген жөн. Алда ауқымды істер атқарылатыны көрініп тұр.

-Ахмет Сейдарахманұлы, Мемлекет басшысының халық үшін ашық қоғам орнату бағытында қолға алған қандай бастамаларын атап өтер едіңіз?

-Барлық деңгейде әділеттілік, қоғамда ашықтық, қолжетімділік және жауапкершілік болуы тиіс екенін ескертті. Осы бағытта қандай жұмыстар жасалатынын, қолданыстағы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілетінін айтты. Мықты Парламенті бар Президенттік республика болатынын жария етуі Конституцияның өзіне халық қолдайтын түзетулер енгізілетінін көрсетіп отыр. Бұл – жай сөз емес, өркениетті жолға бастайтын қадам. Осы орайда, еліміздің жоғары заң шығару органы – Парламенттің алдында үлкен жұмыстар тұр. Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесін өзгерту әділетті шешім болатыны даусыз.

Президент партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмай жүргенін айта келіп, осы олқылықтарды жою мақсатында пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлау өткізудің маңыздылығын атап өтті. Заңдарға толықтырулар енгізу нәтижесінде осындай аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да оң ықпал жасайтын болды. «Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Парламенттің төртінші шақырылымынан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске 9 депутат сайланып келді. Сол 9 депутат бәсекеге қабілетті, заң шығармашылық жұмыста іскерлік қабілеттері жоғары екендіктерін көрсете білді. Енді Мәжілістегі саны қысқарып, Сенатта Ассамблеяның бес депутаты болатыны біздің этникалық бірлестіктерімізге жауапкершілік пен үлкен серпіліс береді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылатын ауқымы кең жаңа құрылым – Ұлттық құрылтай қоғам дамуы үшін үлкен рөл атқарады деп сенемін. Өйткені қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешіп отырмаса, кейін асқынып кететінін уақыт көрсетіп отыр. Құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері және бірқатар депутаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері болатыны қуантады. Сондай-ақ оның ішінде көрнекті қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығының белгілі мамандары, іскер кәсіпкерлер болып, алуан түрлі пікір айта алатын үлкен ашық алаңға айналатыны құптарлық жайт. Міне, сол кезде халықтың ұсыныстары мен тілектері билікке нақты жететін болады. Өйткені бәріміз үшін тәуелсіздікті қорғау, елдің біртұтастығын сақтау маңызды. Қиындықтардан шығудың жолдарын іздестіретін азаматтар көп болған сайын ісіміз оңға басады деп үміттенемін.

-Біртұтас Қазақстанды дамыту – уақыт талабы. Өңірлерді өркендетуге бағытталған жоспарлар туралы не айтасыз?

– Президент әр сөзінде еліміздің батысы мен шығысын да, солтүстігі мен оңтүстік өңірін де жүйелі дамыту жолдарын көтеріп келеді. Үкіметке нақты тапсырмалар берді, енді кешенді бағдарламалар жасалып, тиімді іске асады деген сенімдеміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл Жолдауында халықтың сұрауын жауапсыз қалдыруға болмайтынына дәлел келтірді. 1997 жылы Семей облысы қысқартылған кезден бастап сол өңірдің мыңдаған тұрғыны, жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар тарапынан облысты қалпына келтіру туралы өтініштер өте көп болғаны жасырын емес. Сол кезде облыс мәртебесінен айырылуы аталған өңірдің және Семей қаласының экономикалық-әлеуметтік жағынан құлдырап кетуіне алып келді. Халықтың өмір сүру сапасы төмендеп кеткені белгілі. Енді Абай мен Мұхтар және басқа ұлыларды сыйлаған сол аймақтың қайта қалпына келтірілуі – тарихи әділеттілік!

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін қазақстандықтар әрдайым құрметпен еске алады. Қапшағай қаласына оның есімін беру туралы Президенттің ұсынысын халық қолдап отыр. Жетісу өңірі аумағында екі облысты құру экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан алғанда байыпты шешім деп ойлаймын. Мұндай шешім аймақты өркендетуге тың серпін береді. Жаңа инвестициялар келеді. Халықтың жүріп-тұруына, өз мәселелерін уақтылы, тиімді шешуіне ыңғайлы болады.

Жезқазған облысы дамуы және өндірісі жағынан әрқашан алдыңғы лекте болды. Әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Ұлытаудың атауын иеленетін жаңа облыс та Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлесін қосады деген сенімім мол. Облыс болған соң, еліміздің ортасында орналасқан сол өңірде алдағы кезеңде автокөлік және теміржол инфрақұрылымы үлкен серпіліспен дамып, өркендеген аймаққа айналуын тілеймін.

-Президент баспасөздің рөлін күшейту, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру мәселесіне де тоқталды. Осы салалардың қоғамдағы маңызы туралы айтып өтсеңіз?

-Қоғамда болып жатқан оқиғаларды ешкімнің мүддесіне қарай бұрып жібермей, әділ көрсету – бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті. Баспасөздің рөлін арттыру үшін БАҚ туралы заңға жаңадан толықтырулар енгізу – заман талабы.

Осы орайда, Қ.К.Тоқаев БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы ретінде елдегі қордаланған мәселелерді көтеруге міндетті екенін айтты және мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек екенін ескертті.

Өйткені ашық қоғам құруда, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда халыққа тарап жатқан ақпараттың сенімді, дәлелді болуы өте маңызды.

Енді үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың қызметіне де жаңа жол ашылады. Олар іргелі бағдарламаларды, ұлттық жобаларды талқылауға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару ісін нығайтуға, рухани байлығымыз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге белсенді атсалысатын болады. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, кешенді бағдарламаларды іске асыра алады.

Қазақстан Президентінің алдағы кезеңде атқарылуға тиісті осындай қуатты бағдарламаны ұсынғанына өте риза болдым. Мен барша қазақстандықтарды осы істе бірігуге, жалпыхалықтық келісім мен ынтымақта болуға шақырамын.

-Халқымызға айтар тілегіңіз?

-Міне, барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл – қайырымдылық пен ізігіліктің айы. Бұл – бір-бірімізді қолдайтын, ортақ мақсат жолында күш біріктіретін ай. Ораза ұстап, күн сайын Жаратқан иемізден еліміздің тыныштығын, береке-бірлігін тілейміз. Халқымыз амандықта болып, жастарымыз табанды еңбек етіп, білім мен ғылымда үлкен жетістіктерге жете берсін. Әр азамат өзінің Отан алдындағы борышын адал өтесе, қажырлы қызмет жасаса, барлық мақсатымыздың орындалатыны айқын. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Ешбір шаңырақта қайғы-қасірет болмасын. Ораза айтын амандықпен қарсы алуға нәсіп кеткей. Биыл басталған Барыс жылы еліміз үшін табыс жылы болсын. «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетуге бәріміз де атсалысайық!

-Мазмұнды сұхбат бергеніңізге көп рақмет.


Соңғы жаңалықтар