Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі Конституциясы - халқымыздың аңсаған арманынан бастау алған - Б. Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай салтанатты жиын болды. Оған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, жергілікті және өңірлік мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекет, қоғам және өнер қайраткерлері, атақты спортшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Кез-келген мемлекет өз қызметін ең алдымен негізгі заңын - Конституциясын қабылдаудан бастаған. Конституция мемлекеттіліктің басты кепілі ретінде әрдайым ұлықталған. Тәуелсіз Қазақ елі үшін Ата заңымыз айрықша мағынаға, мәнге ие. Осыдан 21 жыл бұрын, 1995 жылғы 30 тамызда мемлекетіміздің жаңа Конституциясы азаттықтың алтын бесігі - Алматыдағы бұрынғы Үкімет үйінде, қазіргі Қазақ-Британ техникалық университетінің ғимаратында қабылданды. Бұл тарихи оқиға, халықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш», - деді Б. Байбек.

Сонымен затар, ол Ата заңның Ұлы дала заңдарынан бастау алатындығын баса айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біздің Конституциямыз тақыр жерде пайда болған жоқ. Кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оның жасалу, қалыптасу тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын. Жалпы, Қазақ тарихында «Дала Конституциясы» аталып кеткен, сонау хандық дәуірде дала заңдарының тамаша үлгілері болған. Қазақ хандары ұлттық даналық қағидаларын, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жүйелеп, заңдар жиынтығын шығарған. Әр заңға сол замандағы билеушінің есімін байланыстырған. Мысалы, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сынды атаулар берілген. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі Конституциясы бабалар батасынан, халқымыздың аңсаған арманынан бастау алғаны сөзсіз», - деді Б. Байбек.

Бұдан кейін, салтанатты жиын Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен эстрада және опера жұлдыздары қатысқан мерекелік концертке ұласты. 

null  

 

Соңғы жаңалықтар