Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт күндегі қаһармандары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7 мамыр сайын есімдері ел назарына ұсынылатын ат төбеліндей ғана азаматтар бар. Олар – кәсіби міндеттерін жұмыстан тыс өмірінен бөліп қарамайтын, тосын сәтте тосылып қалмаған әрекеттері үшін қаһарман атанған қарапайым қазақстандықтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір үйлі жанды қызыл жалыннан құтқарып қалған

Азамат Жұмаділовке «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені 2007 жылы 4 адамды қызыл жалынның ортасынан аман алып шыққаны үшін берілген екен. №12881 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы басынан өткен сол бір оқиғаны былай деп еске алады.


«2007 жылдың 10 қазанында анамды туыстарға апарып, қайтып келе жатқанбыз. Түнгі сағат бірлердің кезі болатын. Аулалардың бірінде қара түтіннің будақтап жатқанын байқадым. Бірден өрт орнына қарай жүгірдім. Ғимарат екі метрлік дуалмен, дуалдың үсті тікенек сыммен қоршалған екен. Қақпаның ысырмасын қиратуға тура келді. Қызыл жалынға оранған үйден әуелі жылап отырған баланы алып шықтым да, ауызғы үйдегі газ баллонын сыртқа лақтырдым. Содан кейін екі жасөспірім мен олардың анасын оттың ортасынан алып шықтым. Біз шыға бергенде үйдің шатыры ортасына түсті», - дейді подполковник. Осы ерлігі үшін оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.

15 көршісін ажалдан арашалаған

Ал ефрейтор Қуандық Қанатов 2019 жылдың ақпан айында бес қабатты үйдегі өрттен 15 көршісін құтқарып қалғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды. Былтыр ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.


«Бала ұйықтатып жатқан әйелім дәлізден шыққан түтін иісін аңғарып, мені оятты. Ылғи жанымда газтұтқыш баскиім бірге жүретін. Әлгі әдетім сол жолы бір керегіме жарады. Алдымен мен өрт тұтанған жерді анықтап, маңайындағы пәтерлерді аралай бастадым. Дәлізге жиналған тұрғындарды сыртқа бастадым. Оларды шығарған соң өз отбасымды сыртқа алып шықтым. Өртті сезбестен ұйықтай бергендер болды. Оларды оятуға тура келді. Өстіп жүріп қыстың қақаған аязы денемнен өтіп кеткенін де сезбеппін. Бір кезде өрт сөндірушілер келді. Оларға әлі шығып үлгермеген көршілерді құтқаруға көмектестік», - деп еске алады сарбаз. Өрт сөндірушілер келгенше Қуандық 15 көршісін сыртқа шығарып үлгерген болатын.

Осы ерлігі үшін ол Қорғаныс министрінің Алғыс хатына ие болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды. Ерлігімен елге танылған кезде Қуандық Қанатов №35411 әскери бөлімнің 2-ші артиллериялық дивизионының механик-жүргізушісі болып жүрген болатын.

Суға жүзгіш майор

Майор Әлішер Табылдиев суға батып бара жатқан баланы құтқарғаны үшін І дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталған.


2019 жылдың 25 тамызында, кешкі сағат 18.00 шамасында Өскемен қаласындағы Үлбі өзенінің жағасында отбасымен серуендеп жүрген әскери қызметші екі жасар баланың 10 метр биіктен суға құлағанын естиді. Дереу суға секірген Әлішер Табылдиев екі жасар ұлды ағысы қатты өзеннен аман алып шығады.

Осы жанқиярлығы үшін оған Президенттің 2020 жылғы 5 маусымдағы № 260 Жарлығымен І дәрежелі «Ел қорғаны» медалі берілді.

Постына адал курсанттар


Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 4 курсында оқып жүрген Бақытжан Баратов пен Әлішер Бекзатов COVID-19 індетіне байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде Алматының сыртындағы блокпосты айналып өтпек болған қарулы азаматтарды тоқтатқаны үшін II дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталды. Курсанттар блокпосты айналып өтіп, бақылаудағы аймаққа заңсыз өтуге тырысқан азаматтарды дер кезінде байқап, кері қайтаруға әрекеттенеді. Қарсы тарап олардың айтқанын орындаудың орнына пышақ сілтеп, қарулы қарсылық көрсеткен. Екі курсант Қорғаныс министрінің 14 сәуірдегі № 166 бұйрығымен II дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

«Өрмекші» десант

№61993 әскери бөлімдегі десанттық-барлау ротасының 2- бөлімше командирі, сержант Ғалымжан Әлеуханов өртенген үйде ес-түссіз жатқан екі баланы құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» медалін иеленген.


2017 жылдың 28 шілдесінде жұмыстан келе жатқан Ғалымжан тұрғын үйлердің бірінде терезеден шығып жатқан жалынды көреді. Бірден өрт сөндіру сатысымен тұрғын үйдің төбесіне шығып, шатырды тесіп, дәлізге түседі. Абырой болғанда, өрт шыққан пәтердің есігі іштен құлыпталмаған еді. Ғалымжан пәтерге кірген бойда дауыстап, іште кім бар екенін сұрайды. Жауап болмаған соң, қою түтін арасына кіріп, үйдің ішін аралай бастайды. Осы кезде жатын бөлмеде 4-5 жастағы екі балаға жолығады.

«Балалар ес-түссіз күйде еді. Улы түтін өкпелеріне өтіп кеткенін бірден түсіндім. Оларды сыртқа шығарып, жедел жәрдем өкілдеріне тапсырдым», - дейді Ғалымжан Әлеуханов.

Осы ерлігі үшін сержант Президенттің 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 11354 Жарлығымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болды.


Соңғы жаңалықтар