Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктететін тұлғаның сайланғанын қалаймыз - Ғосман Төлеғұл

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктете түсетін тұлғаның сайланғанын қалаймыз. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл биылғы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде жоғары биліктің заңды жолмен ауысқандығы баршаға аян. Келешектің жайын тап басып болжайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте дұрыс шешім қабылдады. 2019 жылдың 9-шы маусымына белгіленіп отырған ҚР Президентінің сайлауы да қазақстандықтардың қамы үшін, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында жасалып жатқан игі істердің жалғасы.

«Ақмолалық ардагерлер атынан айтарым алдағы уақытта ел экономикасының жандануына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының бүгінгіден де жақсаруына көңіл бөлінуі керек. Келесі Мемлекет басшысының іс-қимылынан күтетініміз осылар. Сондай-ақ, ел ақсақалдары ауылдың жағдайын жақсартып, шаруашылығының өркендеуін тілейді», - дейді Ғосман Төлеғұл.

Осы орайда ортамызда жүрген қарияларымыздың елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше екенін атап өтуге болады.

«Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға ерекше көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз әрқашан құрмет тұғырында болады», - деп толықтырды Ғосман Төлеғұл.

Сонымен қатар, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының бұл жолғы Президент сайлауында да ақмолалық қарттардың белсенділік танытатынына сенімі мол.

«Осы күні облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 843 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 68 соғыс ардагері, мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 5570 тыл еңбеккері, 900-дей Ауған соғысының ардагері, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан 50-ден астам адам бар. Ертең маусымның 9-да олардың барлығы өз сайлау учаскелері бойынша Президент сайлауында өз таңдауын жасайды. Өйткені, қарттарымыздың дауысы келешек ұрпақтың болашағы үшін маңызды. Ең бастысы Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктете түсетін тұлғаның сайланғанын қалаймыз», - деп түйіндеді Ғосман Төлеғұл.

Соңғы жаңалықтар