Тәуелсіз еліміз барда ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді - С.Жақашқызы, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіз еліміз барда ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді. Бұл туралы өңірге танымал ұстаз, еңбек ардагері Сәндеш Жақашқызы мәлім етті.

Оның айтуынша, ұрпақтар сабақтастығын өзінің өмір тәжірибесінен жақсы біледі. 1929 жылы 7 қарашада дүниеге келген ол 1946 жылы Орал педагогикалық колледжін бітіргеннен кейін Қазталов ауданы Березин (қазір Қайыңды) орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейін ширек ғасырдай уақыт бойы Алма Оразбаева атындағы мектепке басшылық етті. 1952 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, еліміздің халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған ұстаз еңбегі 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен аталып өтілді. Оның шәкірттерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, өз саласының үздіктері мен өнер адамдары да аз емес. Соның бірі - Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов.

«Кеше Тәуелсіздік күніне арналған жиналыста Елбасымыз ұрпақтар сабақтастығы мен ұлт құндылықтарының маңызы зор екенін атап көрсетті. Бұған толық қосыламын. Қазіргі таңда жастарымыздың терең білім алып, өз жобаларын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалып отыр. Заман талабына сәйкес сапалы білім мен тәрбие беру - бүгінгі ұстаздардың басты міндеті. Білім саласына біздің облысымызда да баса көңіл бөлінуде. Мереке үстінде қуанышқа қуаныш қосылып, 85 жасыма орай облыс басшысы Нұрлан Ноғаев арнайы қабылдап, мерейімді асырды. Президентіміз бастаған тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!» деді Сәндеш Жақашқызы.

Соңғы жаңалықтар