Тәуелсіз елдің заңғар тұлғасы - Мырзатай Жолдасбеков 80 жаста

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - әйгілі түрколог, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков 80 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында ҚазАқпарат қазақтың абыз ақсақалына айналған дара тұлғаның өмір жолына шолу жасайды.

Білімге құштарлық

Әулиеата топырағында туған Мырзатай Жолдасбековтың балалық дәурені соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Жоқшылықтан тез есейіп, үлкен өмірге ерте араласты. Ол дүниеге келетін жылы ауыл үстінен сығандар тобыры өтіпті. Балгерлер айы-күні жетіп отырған Мырзатайдың анасына ұл туасың, баланың оң аяғының нысанасы болады, дәрежелі, дәулетті өмір сүреді деп болжаған екен. Көп ұзамай оң аяғында алты бармағы бар ұл бала дүниеге келеді, мұндай баланы қазақ нысаналы деп атаған. Жоғарғы сыныпқа дейін жоқшылықта өсіп, суық түскенше жалаңаяқ жүруге мәжбүр болған бала Мырзатай алты бармағынан ұялып, үнемі жасырып-жауып жүріпті. Ауылдағы би кештері онсыз өтпейді, себебі гармон тартатын жалғыз адам - Мырзатай. Сондай кештерде сол аяғымен оң аяғының бармақтарын түгел жауып отырып, гармон тартады екен.

М.Жолдасбековтың білім жолында көрген мехнаты да аз емес. Ол 1948 жылы бастауыш мектепті бітіріп, Қызылжар (қазіргі Көшек) ауылында бөлесі Ысқақтың үйінде жатып оқиды. Сол жылы бөле ағасы ұсталып кетеді, ал жеңгесі Ысқақтың қамалғанын осыдан көріп, «Мысық тілеу, аяғы құтсыз болды, жетімек» деп жазғырған. Үйге келмей, сыныптастарының үйлеріне түнеп жүрсе де, білімге құштар Мырзатай бесінші сыныпты үздік бітірген. Оған мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сағит Батчаев куәлігін беріп тұрып «Мырзатай, қаңғып жүріп, 5-сыныпты үздік бітірдің, сенің келешегің зор, келешекте кім болғаныңды көрер ме едім, шіркін. Алған бетіңнен қайтпа, қиындыққа төзе біл, сонда мұратыңа жетесің» деп өсиет айтыпты.

Ұстазының қанат бітірген сөздерін Мырзатай жадынан еш шығармаған. Мектепті ойдағыдай аяқтап, қазақтың маңдайалды университеті ҚазМУ-ге түсті. Өзі оқыған қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультетінің деканы болып аттай 15 жыл қызмет етті. Талдықорған педагогикалық институтында, кейінірек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ректор болды. Қазақстанның оқу министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сынды жауапты қызметтерді атқарды. Расында да, тер төккен ерен еңбегі жемісті болып, абыройлы ел ағасына, халық абызына айналды.

Президентке сабақ берген

Мырзатай Жолдасбековтың Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ерекше ықыласы баршаға аян. Ал оның Назарбаевқа мектеп қабырғасында сабақ бергенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Дарынды жас көшбасшысының өсіп келе жатқанын жас ұстаз бірден аңғарған еді.

«1957 жылы ҚазМУ-дың төртінші курсын аяқтар тұста Алматы іргесіндегі Қаскелеңге, Абай атындағы қазақ орта мектебіне педагогикалық тәжірибе алуға бардым. Сонда Нұрсұлтан 10-шы сыныптың оқушысы еді. Мен сабақ бердім. Екі көзі оттай жанып, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Сұрақтың неше атасын қоятын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін», - деп еске алады Мырзатай Жолдасбеков. Ол өзінің «Ел тағдыры - ер тағдыры», «Сөзді ұғатын кез келді», «Күндерімнің куәсі», тағы да басқа еңбектерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық, қайраткерлік, адами келбетін бейнелейді.

Тәуелсіздік алған қиын да күрделі жылдары М.Жолдасбеков Елбасының сенімді серіктерінің бірі болды. ҚР мемлекеттік кеңесшісі, Премьер-министрдің орынбасары, Президент кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарып, жаңа республиканың іргесін қалауға сүбелі үлес қосты. Ел астанасын ауыстырғанда да, Жолдасбеков Сарыарқа төріне қоныс аударған алдыңғы лектен табылып, жаңа астанамыздың көркеюі мен дамуы жолында тер төкті. Еуразия университетін ұлттық университет деңгейіне көтеру арқылы Астананың ғылым, білім, интеллектуалдық деңгейін көтерді. 2005 жылы Астанадағы Ақорда ашылғанда Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, Президентке бата берді. «Бәйтерек» монументі ашыларда, Ақселеу Сейдімбек екеуі бәйтерек туралы аңызды жазып берді. Астанаға кіреберіс жердегі қақпаға Мырзатай Жолдасбековтың кеңесімен «Мәңгілік Ел» атауы берілді. Ұлттық музей алдында тұрған сақ көсемдері ескерткішінің де авторы - Мырзатай Жолдасбеков.

Түркі мұрасын түгендеген

Мырзатай Жолдасбеков - түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей ескерткіштерін, руна жазбаларын алғаш зерттеп, жазба әдебиетіміздің сонау VІІІ ғасырда қа¬лып¬тасқанын дәлелдеген ғалым. Ол «Күл¬тегін», «Тоныкөк» жырларының тарихи дерек көзі ғана емес, көр¬кем шығарма екенін де көрсетіп, әдебиетіміздің тарихын 12 ғасырға тереңдеткен. Қазақ ауыз әдебиетіндегі жыраулар инс¬титутының Алтын орда дәуірінен желі тартып, Сыпырадан бастау алып, Қазтуған, Шалкиіз, Асан қайғылармен жалғасқанын,¬ күні кешегі Бұқар, Сүйін¬бай, Жамбылға дейін үзілмей жеткенін нақты айғақтармен келтірді. Орхон-Енисей мұраларында айтылған ру-тайпалардың жоғалып кетпегенін, қазақ арасында өмір сүріп жатқанын көрсетіп, көне түріктің, Ұлы даланың заңды мұрагері екенінімізді дәлелдеді. Әрине, ол жылдары мұндай батыл тақырыпты талқылау аса қауіпті еді. Аталған зерттеу еңбегі үшін академия президенттері сөгіс алып, Жолдасбековтың өзі жұмыстан қуылды.
2001 жылы Мырзатай Жолдасбеков ректорлық ететін Еуразия университетіне Моңғолиядан Күлтегін ескерткішінің көшірмесі әкелінді. Залдың қабырғасын айнала Күлтегін жырынан үзінділер жазылып, әлемде баламасы жоқ Түрік халықтары жазу тарихының музейі ашылды. Ондағы түпкі мақсат жастарға патриоттық тәрбие беру мен тарихымыздың қайдан бастау алатынын көрсету еді. Бүгінде Күлтегін ескерткіші еліміздің айбарына, халқымыздың рухына айналды.

Тәуелсіздік - Тәңірдің берген сыйы

Мырзатай Жолдасбеков өскелең ұрпаққа Тәуелсіздігімізден асқан бақыт жоқ екенін түсіндіріп, Тәңірдің берген бұл сыйын бағалай білуге шақырудан еш жалыққан емес. Бодандықтың қамытынан түрлі кедергілерге тап болып, азаттықты аңсаған ғалым Тәуелсіздікті ерекше қадір тұтады.

«Өзімді бақытты санаймын. Ұлы ағаларым М.Әуезов, Ә.Марғұлан көрмеген тәуелсіздікті көрдім, сол бақыттың нұрына шомылып жүрмін. Бүгінге дейін Тәуелсіздікке қызмет етіп келемін. Бүгінгі ұрпақ ең бақытты ұрпақ. Сол басына қонған бақты бағалай білсе деп ойлаймын. Өйткені, тәуелсіздіктен артық, дербестіктен қымбат еш нәрсе жоқ. Мемлекет құру, оны дамыту, әлемге таныту, сырт көзден сақтап отыру оңай емес қой. Бабаларымыз өмір бойы зар илеп, халықты бірлік пен ынтымаққа шақырды. Бірлік болмаған жерде, тірлік болмайды. Тәуелсіздік орнаған күннен бастап Президент елдің бірлік-ынтымағын Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры етті. Осы бізді құтқарып келе жатқан, талай пәледен де сақтап қалды. Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түстік қой, енді Алла осы жолдан тайдырмасын!», - деп өсиет айтады ол.
Мырзатай Жолдасбеков саналы ғұмырын туған елінің игілігіне арнап, ел руханиятына құнды мұра қалдырды. Қажырлы еңбегі мен ғылымға деген құштарлығының арқасында абырой биігіне көтерілген Мырзатай Жолдасбековтың өмірі кейінгіге үлгі, ұрпаққа өнеге.

Соңғы жаңалықтар