Тауарларды таңбалау процесі қалай жүзеге асып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өнеркәсіптік тауарлардың заңсыз айналымы тұтастай алғанда ұлттық өнеркәсіптің де, ел экономикасының жекелеген салаларының дамуына да кедергі келтіріп отыр.

Тауарларды таңбалауды жолға қою цифрлы экономиканы дамытуға, «көлеңкелі» экономиканың үлесін қысқартып, нарықтағы заңсыз әрі сапасыз өнімнің айналымын азайтуға, сондай-ақ тұтынушылаpдың құқықтаpын қоpғауға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, тауарларды таңбалауды енгізу көлеңкелі айналымды 70-80%-ға қысқартады. Осы орайда Қазақстандағы тауарларды таңбалау процесінің жүзеге асуы, тариф құны жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Цифрлық таңбалау деген не?

Цифрлық таңбалау – бұл елде өндірілетін немесе елге әкелінетін барлық өнімдерді есепке алудың бірыңғай автоматтандырылған электронды жүйесі. Идентификатор (таңбалау коды) әр өнімге қолданылатындықтан, оның дайындалған (әкелінген) сәттен бастап соңғы тұтынушыға сатылған сәтке дейінгі барлық қозғалыстарын қадағалауға болады. 2019 жылы еліміз Еуpазиялық экономикалық одақ аумағында тауаpлаpды сәйкестендipу құpалдаpымен таңбалау туpалы келiсiмдi енгізді. Бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, нарықтағы заңсыз өнімнің айналымын қысқартады.

Жалпы тауарларды цифрлы таңбалау - әлем елдерінде бұрыннан қолға алынған жүйе. АҚШ, ЕО елдері, Бразилия, Қытай сияқты мемлекеттердің тәжірибесі таңбалауды енгізудің тиімді жағы көп екенін көрсеткен. Айталық, Еуропалық одақ елдерінде цифрлық қадағалау жүйесі 5 жыл ішінде контрабандалық өнім айналымын 30%-ға төмендеткен. Америка Құрама Штаттарында дәрі-дәрмектерді таңбалау өнімді қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жылдамдатуға мүмкіндік берген.

Тауаpлаpды цифpлық таңбалау келесi мақсаттаpға қол жеткiзуге бағытталған:

1) мемлекет үшiн – тауаpлаpдың заңсыз айналымын қысқаpту, бюджетке салық түсiмдеpiнiң түсуiн ұлғайту, мемлекеттiк бақылау сапасын аpттыpу;

2) халық үшiн – қоғамдық бақылаудың тиiмдiлiгi, тұтынушылаpдың құқықтаpын қоpғау, азаматтаpдың өмipi мен денсаулығын қоpғауға;

3) бизнес үшiн - адал салық төлеушiлеp үшiн бизнес жүpгiзудiң бәсекелестiк жағдайлаpын аpттыpу.

Таңбалау кодына тариф құны қанша?

ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен таңбалау кодына тариф құны бекітілді. Қосылған құн салығынсыз бірлік құны 2,68 теңгені құрайды. Қазақстандық мамандардың айтуынша, таңбалаудың тиімді тұсы көп. Нақтырақ айтқанда, міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін «көлеңкелі» айналым үлесі едәуір төмендейді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары кезінде бизнестің жабдықтарды бір мезетте сатып алуға жұмсайтын шығындары айтарлықтай азаяды.

Қазіргі уақытта өнеркәсіптік тауарлардың заңсыз айналымы - ел экономикасының жекелеген салаларының да, тұтастай алғанда ұлттық өнеркәсіптің де дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелердің бірі. Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, өндірушілер мен жеткізушілердің технологиялық мүмкіндіктері үнемі жетілдіріліп отырады. Сапасыз өнімдер барлық баға сегменттерін қамтуда. Сондай-ақ контрафактілі тауарларды түпнұсқадан ажырату қиындай түсуде, «сұр» (заңсыз айналым) импорттың үлесі артып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, цифрлы механизмді енгізу тауарлардың өмірлік циклын өндірістен немесе импорттан түпкілікті сатуға дейін бақылауға ғана емес, сонымен қатар бюджетке салық түсімін арттыруға мүмкіндік береді.

«Тауарларды таңбалау салықтың қосымша түрі болып табылмайтынын атап өткен жөн. Бұл «сұр» айналымнан шығарылған тауарлар есебінен салық салу базасын едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін қолданыстағы салықтық әкімшілендіру жүйесін жақсарту құралы», - деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз хатшысы Розалия Әубәкірова.

Міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін көлеңкелі айналым үлесінің едәуір төмендеуі күтілуде. Ресми деректер бойынша, көлеңкелі айналым жеңіл өнеркәсіп нарығында жалпы айналымның 63%-ына, аяқ киім нарығында – 48,5%-ға, алкоголь нарығында - 25%-ға, фармацевтикада - 12%-ға жетеді. Әлемдік тәжірибені терең талдауға негізделген талдау агенттіктерінің деректері бойынша тауарларды таңбалауды енгізу көлеңкелі айналымды 70-80%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адал өндірушілер мен импорттаушылар үшін 900 млрд теңге сомасында қосымша нарық құруға мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2018 жылы ЕАЭО елдері қол қойған «Data Matrix» кодымен тауарлардың әртүрлі топтарын цифрлық таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы келісімде айқындалған тауар топтарына цифрлық таңбалауды енгізумен адал бизнестің түсімі 11,3%-ға ұлғаяды. Тауарларды міндетті таңбалауды енгізу нәтижесінде қазақстандық өндірушілердің кірістері жылына 10%-дан астам ұлғайған. Тиісінше, мемлекеттік бюджеттің кірістері салық түсімдері түрінде жылына 100 млрд теңгеден астам өседі.

«Қазіргі уақытта қапталған су мен қант қосылған сусындарды цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба жүріп жатыр. Барлығы бизнеспен ақылдасып зерттелуде. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дәрілерге цифрлық таңбалау енгізу жоспарланып отыр», - деді комитеті өкілі.

Теріден жасалған өнімдерді таңбалау. Теріден жасалған өнімдер бірегей «RFID» деген таңбамен белгіленеді. Тері нарығындағы ішкі салық мөлшері 600 млн теңгеге артқан. Тері өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар әр тауарға таңба қойғызу үшін 400 теңгеден төлейді. 310 теңге «RFID» таңбаға, таңбаны меншіктеуге 90 теңге жұмсалады.

Темекі өнімдерін таңбалау. Темекі өнімдері 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 2 өлшемді «Data Matrix» кодымен таңбалана бастады. Таңбаланбаған темекі 2021 жылғы 1 қазанға дейін сатылды. Өтпелі кезеңнен кейін дүкен сөрелерінен таңбаланбаған барлық темекі өнімі алынып тасталды. Бүгінгі таңда елде акцизделетін темекі өнімінің 99,9%-ы таңбаланады. Сауда және интеграция министрлігінің болжауынша, 2025 жылға қарай заңды темекі өндірушілер мен импорттаушылардың кірісі 38,6 млрд теңгеге жетеді.

Аяқ киімді таңбалау. Аяқ киім 2021 жылдың 1 қарашасынан таңбаланып жатыр. Қабылданған шара шеңберінде ел аумағына таңбаланбаған аяқ киім енгізуге тыйым салынды. Ресми дерекке сәйкес, көпшілік киіп жүрген аяқ киімнің 3,1%-ы ғана отандық өнім. Қалғанының барлығы шекара асып келеді. Оның жартысы ел аумағына заңды, жартысы заңсыз енеді. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай таңбаланған аяқ киімнен түсетін табыс 21%-ға дейін өседі. Мемлекет аяқ киім саудасына салынатын қосымша құн мен баж салығы есебінен бюджетті 45 млрд теңгемен толтырады.

Алкоголь өнімдерін таңбалау. Ресми дерек бойынша, еліміздегі көлеңкелі сауданың төрттен бір бөлігін алкоголь өнімдері құрайды. Осыған дейін үкімет таңбалау жүйесі арқылы арақ-шарап өнімдерінің заңсыз саудасына тосқауыл қоюды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ал Сауда және интеграция министрлігі алдағы 5 жылда заңды бизнес өкілдерінің табысы 80,7 млрд, бюджет кірісі 19,4 млрд теңгеге жетеді деп болжады. Алкоголь өнімдерін таңбалау жобасына 3 отандық, 4 шетелдік компания қатысты. Олардың өнімдері «Data Matrix» кодымен таңбаланды.

Бұдан бөлек, таңбалау жүйесін енгізу IT-нарығын, жабдық өндірушілер үшін сервистерді дамытуға серпін береді. Осылайша, таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен қабылдау-беру, қайтару, ақаудан шығару, тауар айналымынан шығару және т.б. сияқты процестерді растайтын ақпарат пен құжаттарды жедел алмасу үшін цифрлық орта құрылатын болады. Цифрлық орта тауар қозғалысының жылдамдығын және бүкіл есепке алу процесін арттыруға ықпал етеді және шығындарды азайтады.

Сонымен қатар, әрбір тұтынушы «Naqty Onim» мобильді қосымшасының көмегімен өнім туралы шынайы ақпаратқа әрдайым қол жеткізе алады. Яғни цифрлық таңбалау халықтың саналы тұтыну мәдениетін дамытуға да ықпал ететін болады.

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар