Тауар сапасын реттейтін жаңа ұлттық стандарттар енгізіледі - Үкімет отырысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылардан жиі шағым түсетін салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтынушылар шағымданатын сұрақтар жылдан-жылға қайталанып келеді. Бұл – коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы, бөлшек сауда, медицина, туризм, көлік, байланыс салалары.

Министрлік тәуелсіз ұйымдарды тарта отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізген. Сауалнаманың нәтижелері бойынша, ел тұрғындарының басым наразылығы келесі салаларда көрсетілген. Медициналық қызметтер - 46 процент, байланыс қызметтері – 36 процент, қалалық қоғамдық көлік – 36 процент», - деді ол Үкімет отырысында.

Ведомство басшысының айтуынша, аталған салаларда тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі проблемалар қордаланған. Осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялау басталған көрінеді. Бұл реформада тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесімен тығыз байланысты техникалық реттеу мен стандарттау мәселелеріне баса көңіл бөлініп отыр.

«Қазіргі уақытта тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне арналған 3 мыңға жуық ұлттық стандарттар әзірленген. Алайда олардың қолданылуы белгілі бір салаларда төмен. Жылдан-жылға өтініштер мен шағымдар саны артып келе жатқан экономика салаларына ерекше назар аудару қажет. Сонымен қатар, аталған салаларда тұтынушылардың тауарлар мен қызметтердің сапасы, қауіпсіздігі бойынша қанағаттануын қамтамасыз ету үшін жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу және қолданыстағы ұлттық стандарттарды өзектендіру қажет. Салалық мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық актілерде ұлттық стандарттарға сілтеме пайдалану қажет. Бұл – тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін маңызды аспект», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар