Тау шыңында оттегісіз ұйықтауға тура келді - Мақсұт Жұмаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев әлемнің ең биік нүктесі Эверест шыңына ең қиын жол арқылы қалай шыққаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін белгілі спортшы алматылықтармен кездесуі барысында өміріндегі ең қиын маршрут туралы шытырман оқиғаларымен бөлісті.

Жұмаевтың тобына жолдың жартысына дейін оттегісіз жүруге тура келген.

«Оттегімен немесе оттегісіз жүрудің айырмашылығы қандай екенін айтатын болсам,  оттегісіз 3-4 қадам жүресің де демаласың...Оттегі баллонына арқа сүйеуге болмайды. Төртінші лагерьге келгенде жігіттерге оттегісіз ұйықтаймыз дедім. Оттегі - барлық проблеманы шешпейді.  Иа, ары кетсе, 15-20 қадам ұзарсыз. Бірақ бұл қанат бітіп ұшып кетесің дегенді білдірмейді», - деді ол.

Оның айтуынша, оттегімен шығатын спортшы оған арқа сүйеп алады.

«Мен шыңға шыққан соң маскамды шешіп, суретке түспек болған едім. Бірден оттегі тасымалы тоқтады. Адам оттегімен демалғанда жылы ауа клапандағы ылғалдың қатып қалуына жол бермейтін. Маскамды қайта кигенде клапандағы судың бәрі қатып қалғанын аңғардым. Дем жетпей қалды. Басқа масқа алып шықпағам. Жағдайым мүшкіл болды. Ондай кезде ешкімнің маскасына жармаса алмайсың. Олар мұзжарғышымен сұлатып түсіреді. Сен үшін ешкім өз өмірін қатерге тікпейді. 10-15 соққыдан соң маскадағы мұз сынып кетті де демала бастадым», - деді Мақсұт Жұмаев.

Альпинистер бұл сапарда 8 мың метр биіктіктегі шатырда ұйықтауға мәжбүр болған.

Спортшы Эверестке қайта шығуға не итермелегенін айтты.

«Біріншіден, жаңа маршрутты бағындырып көрмек болдым. Екіншіден, ағзамның қабілетін тағы сынағым келді. Сонымен қатар, команда капитаны, экспедиция басшысы ретінде өзімді көргім келді. Осы жолы командамызда 2 кәсіби емес альпинист болды. Оларды алып шығу үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ, әлемнің ең биік шыңына тағы да Қазақстанның туын тігіп Астананың 20 жылдығына сыйлық жасағым келді», - деді Мақсұт Жұмаев.

Альпинистің қатерге толы экспедициясы қазақстандықтардың мақтанышына айналды. 

Кездескен қиындықтарға қарамастан экспедиция сәтті аяқталып, спортшылар аман- есен оралды.

Айта кету керек, Мақсұт Жұмаев Эверест шыңын 2007 жылы бағындырған болатын. Алайда, ол солтүстіктегі маршрутпен жүріп өткен. Осы жолы спортшы шыңға ең қиын маршрут - таудың оң қапталымен жүріп отырып жетті.

Белгілі қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық шыңдарды бағындырды. ТМД аумағында табаны тимеген тау жоқ. Әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын небәрі 14 тау болса, соның 14-іне де шыққан. Мақсұттың есімі айтулы биіктерге шыққан ең жас және оларды ең қысқа мерзімде бағындырған альпинист ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар