«Тату отбасы» байқауында үздік атанған бүлдіршін 1 жастан енді асты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Тату отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы, ең үздік фотодағы балдырған - 1 жастан енді асқан Әмірхан Әділетұлы қазір Шымкент қаласында тұрып жатыр.

Былтыр қазанда өткен респбликалық байқауда қазылар алқасы Әмірханның фотосуреттерін үздік деп тапқан.

Байқауда жеңімпаз атанғанда ол небәрі 6 айлық болатын. Қазір Әмірхан 1 жас 3 ай толып, ақырындап тәй-тәйлап қадам басып, екі сөздің басын құрап жүр.

Халықаралық Отбасы күніне орай бүгін жас отбасынан сұхбат алдық. Әділет Рымқанов пен Айдана осыдан үш жыл бұрын отау құрған. Екеуі де - ШҚО Аягөз ауданы Мамырсу ауылының тумасы.

«Сол жерде мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түстік. Бакалаврды да, магистратураны да Алматыда оқып, еңбек жолын Алматыда бастадық. Негізінде Алматыда тұрамыз. Ел тыныштығына қауіп төнген уақытта жолдасым қызмет бабымен Шымкент қаласына ауысты», - дейді Айдана Рымқанова.

Отағасы Рымқанов Әділет Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі рота командирінің орынбасары болып қызмет етеді. Шені – аға лейтенант.

Айдана Рымқанова ұлының атынан Instagram парақша ашқанда балалық шағынан әдемі естелік қалдыруды ғана ойлаған.

«Ұлымның парақшасын дүниеге келген сәтінен бастап жақсы естеліктер қалдыру үшін аштым. Өскенде балалық шағы қандай бақытты болғанын тамашаласын, отбасылық мейірім мен махаббатты сезініп өссін деген оймен ашқан едім. Сосын ҚР Ақпарат жане қоғамдық даму министрлігі, CISC азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, республикалық «Жас ұлан» ұйымы бастаған байқауға қатысуды ұйғардық. Бұл - Жастар жылына қатысты Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынған жоба болатын. Байқауға үшеуіміздің суретімізді, астына 60-90 сөзбен эссе жазып жібердік. Сол байқауда ұлымның суреті фото аталымында үздік деп танылды. Марапаттау Нұр-Сұлтан қаласында болды. Қазақстандағы ең үлгілі отбасы саналатын әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаевтың қолынан марапат алдық», - дейді Айдана Рымқанова.


Оның айтуынша, әскери қызметші болудан әскери қызметшінің жары болу қиын.

«Меніңше отбасы құндылықтары дегеніміз қазыналы қарттарымыздың берген тәрбиесін жас ұрпақтың бойына сіңіре білу, оларды жастайынан еңбексүйгіштікке, адал болуға, жақсы мен жаманды ажырата білуге, адамгершілікке тәрбелеу. Осы мақсатта ата-ана аянбай еңбек етуі тиіс. Балаға көңіл бөліп, қажеттіліктерімен толық қамтамасыз етіп, онымен қоса коса мейірім мен махаббат сыйлауы керек. Осы жолда ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы, түсіністігі, қолдауы көп рөл ойнайды. Әскери өмір оңай емес. Енді бір жерге үйреніп жатқанда басқа жерге көшіп, таныс іздеп отыру қиын. Баламыз әлі кішкентай болғандықтан қазір онша білінбеуі мүмкін. Өскен соң мектепте қиындық болады деп ойлаймын. Бірақ, барлық қиындықтарға төтеп беруге тура келеді», - деді Айдана Рымқанова.


Соңғы жаңалықтар