Тату көршілікті нығайту - тарихи маңызды қадам

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Іргемізде болса да Қытай елі өзіндік ұстанымы, ғасырлар бойы қалыптасқан «мінезіне» сай томаға-тұйық, жақын араласқа көп бара қоймайтын, «алыстан сыйласқанды» ұнататын ел еді. Соңғы жиырма жылда өрлей дамығаны, экономикасын нығайтып, нықтанып алғаны да шындық. Әлемдік үрдістерден ешкім кейін қала алмайды.

Қазақстан тәуелсіздігін тез арада таныған мемлекеттер қатарында Қытай әлемдік озық үлгілерді өзіне тез қабылдау арқылы елдегі демографиялық өсімнен туындайтын азық-түлік, тұтыныс пен тұрғын үй мәселелерін шешуге ұмтылуда. Экономикалық дамудың зор қарқыны осы елден ұдайы шикізат, мұнай-газ өнімдерін, құрылыс материалдарын іздеуді талап етеді. Осы ретте, табиғи ресурстары мол көршілес елдермен байланыс орнатуға бұл мемлекетте ерекше көңіл бөлінеді.

 «Бүгін біз Қазақстан Президентімен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат біздің көпжылдық жемісті іс-қимылдарымыздың қортындысы болады және болашақтағы ынтымақтастық бағдарламасына айналады»,-депті тарихи құжаттарға қол қояр қарсаңында  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. Айтса айтқандай, бұл Қытай елімен қарым-қатынастағы жаңа кезең, болашақтағы ұланғайыр істердің іргетасы, татулық-достықтың негізі. Екі ел арасындағы байланыстардың белсенділігін 26 жыл ішінде Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытайға 11 рет, ал Қытай басшылары Цзян-Цзэминь, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпиннің Қазақстанға 9 рет ресми сапарларымен келгендігі дәлелдейді. Екі ел басшылары қол қойған Бірлескен декларациядан басқа, екіжақты үкіметаралық және коммерциялық 11 келісімге қол қойылды. Талқыланған, келісілген мәселелер өте көп. Қазақстан аумағында  аз байытылған уран банкінің құрылуына байланысты атом энергетикасы саласында, Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа экономикалық жағдайдағы дамуына, Қашаған кенішін игеруде, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуда, Маңғыстау облысында мұнай-газ жабдықтар кешенін салуда, «Бейнеу-Бозой» газ құбырын тартуда көршілер көп көмек көрсетпек.

Қытайлықтар «Жібек жолы» экономикалық белдеуін жандандыруда Қазақстанның орнын айрықша бағалап отыр. Еліміздің оңтүстік қақпасы арқылы өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің 8 мыңнан астам жолының 2,5 мың шақырымы қазақ жерін басып өтеді. Сондықтан да біздің еліміз Қытай үшін батысқа да, шығысқа да ашылатын қақпа болып отыр. Келіссөздер нәтижесінде қытайлық ірі кәсіпорындармен 23 миллиард долларды қамтитын өте ірі мегажобаларға қол қойылған.

      Қытаймен қарым-қатынаста талайдың ішінде «қып» ете қалар әлдебір сақтық, беймәлімнен бой тартқан үрей іспетті сезім бары түсінікті. Ол санамызда сайрап тұрған, аталардан қалған: «Қара қытай қаптаса...» деген сөз. Әлдебір түсініксіз қауіп. Бәлкім олардың ерекше көптігі, біздің тым аздығымыз ба екен? Иә, олардың Пекин, Шанхай сияқты бір қаласында біздің бүкіл халқымыздай халық тұрады. Қалай таңырқамайсың?! Бүкіл Қазақстаныңның халқы олардың бір қаласының ғана тұрғыны... Сол қалалары ың-шыңсыз, тіпті тығын-кептеліссіз, жұмыстарын істеп, тұрмыстарын құрып, ғұмыр кешіп жатыр...Ойыңның он саққа тартары кәміл. Біз - тамшы, олар - теңіз іспетті. Теңіз ақтарылса жұтылып кетердейсің. Әлгі сөз аталарымыздан осындай қорқыныштан қалдырған сөзі болса керек-ау.

      Халқы көп, жері таршын, тапшылық құрсаулаған бұл елде о бастан заң қатал, құпиялары он сандықтың ішінде, жұмбағы шешімін таптырмас шиырлы болуы шарт та шығар. Соншама тұрғынды басқару, игеру, оқыту-тоқыту, азық-түлікпен қамтамасыз ету оңай болып па? Алайда, тәртіп шіркіннің тау қопаруға қабілетті екенін көреміз. Инемен құдық қазса да «қыңқ» демейтін қытайлықтар ақыры озды. Кеңестік билік құлап, өтпелі кезеңнің кедергісіне кез болған біздің еліміз, бұрынғы КСРО құрамында болған республикалар сол уақыт Қытайдың тауарына қарап қалған еді. Сол кезеңді олар өз оңтайларына пайдалана білді. Өндіріс ошақтары жабылып, колхоз-совхозы таратылып, аңтарылып қалған жұрт алғашқы жылдары жиған-тергенін, азын-шоғын малын қытайдың арзан тауарына лажсыз көп айырбастағаны шын. Одан мал терісі, темір-терсегіміз де құнсыз бағаланып, ел асырылып жатты. Олар болса саудасын қыздырған үстіне қыздырып, іргедегі бізді қойып, мұхит асып, кірісін молайта берді. Қайда барсаң алдыңнан андап қытай тауары шығатын болды. Әлемдегі жас миллионерлері көп ел Қытай болды. Сұраныс болып, шаруасы жүріп тұрған кезде тәртіпке мығым Қытай белін бір босатқан жоқ. Бұл мінез кімге болса да үлгі боларлықтай. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей, ондай ағыл-тегіл табыстан талайдың басы айналып, берекесіздік белең алар еді-ау. Қытайлықтар болса, керісінше істерін жетілдірген үстіне жетілдіре түсті. Әлемнің атақты фирмалары тауарларына рұқсат алып, олардың пәлен есе арзан баламаларын алдымызға әкелді. Тіпті, немістің «Ауди», «Мереседестері» де арзан бағамен көлденең тартылды. Сөйтіп, бұйығы жұрт жалпақ дүниеге лезде танылып, ерекше еңбекқорлықтарымен таң қалдырды. Бағзы заманғы қалып, ұстаным, көзқарастар да өңін айналдырып, өзгере берді.

      «Елу жылда ел жаңа» демекші, аспан асты елінің де өмірге, әлемге, өзге жұртқа деген көзқарасы жаңа реңк алды. Тәуелсіз Қазақстан болса дамудың жаңа жолын таңдап, сол жолдағы табандылығын, қайтпас қайсарлығын, әділдігі мен ақадалдығын алға ұстады. Оның қадамдары әлемді өзіне қаратты. Ядролық қарудан бас тартты. Сынақ полигонын жапты. Ешкімді жаулап алуға, баса көктеп кіруге, жерін, бар байлығын қару, әскер күшімен тартып алуды көздемейтінін көрсетті. Қорғанысқа қауқарлы болғанымен соғыс атаулыға қарсы екендігін жария етті. Ерен істердің бастауында тұрар Елбасымыз одан да әріледі, одан да тереңдеді. Астанаға әлем діндерінің өкілдерін шақырып, дөңгелек үстел басына жиып, пікір алмастырды. Барлық діннің көксегені амандық, бейбіт өмір, тыныштық, бейбітшілік болса, бір-бірімен жауығатын не бар? Талас болды, айтыс туындады, пікір сайысты, сөйте келе бір бірімен түсінісе бастады. Ғасырлар бойғы қалыптасқан қарсылық сеңі бұзылды, жылма жыл жиылып, дүниенің проблемаларын бірлесе шешуге қол жеткізілді. Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып, ұрпақ өсіріп, дәстүрлерін сақтап келе жатқандығы талайды ойға қалдырды. Сол татулықтың арқасында Қазақстан қол жеткізген табыстар ойға батырды. Бірен-саран елдер әр жерде соғыс өртін тұтандырғанмен, Жер шары мемлекеттерінің басым бөлігі соғыстың қажетсіз екендігіне көз жеткізген. Одан да экономикасын өзге елдермен қанаттаса қимылдап дамудың тиімді екеніне тоқтаған. Дұрыс сөйлес, ақадалыңды айт, екі жаққа да тиімді ұсынысыңды дәлелде. Міне, бір кезде әлемге есік-терезесі тарс жабық Қытай да осындай тұжырымға келген болуы керек.

      Иә, біз Конфуций ілімін оқып таныстық, тереңіне үңілдік. Көршілер мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дүниетанымын түсіндік. Олар қазақтың бас ақыны Абайға ден қойды. Оның сыршыл пәлсапасына тамсанды, қара сөздерін оқып тұшынды. Қазақтың ой-пиғылын, кең пейілін, дархандығы мен даналығына көз жеткізді.

         Қытай Орталық Азия аумағындағы өз ықпалын өркениетті елдерге тән инвестициялар құю, сауда көлемін арттыру, ақпарат пен технология алмасу, экономикалық ынтымақтасудың жаңа жолдарын игеру саясаты арқылы іске асыру бағытын ұстанып келеді. Ал, атқарылар іс расында да ауқымды. «Жасыл технологияларды» дамыту саласындағы ынтымақтастық  Астанадағы ЭКСПО- 2017 көрмесінің әлеуеті ауқымында дамитын болды. Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкінің құрылуына орай атом энергетикасы екі жақты бірлескен жұмыстар жанданбақ. Елбасы «Ситик Груп» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнминмен, GNPC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен, «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуамен кездесті. «Ситик Груп» Қазақстанның «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстарға инфрақұрылымдарды дамыту жөнінен қатынаспақ. GNPC еліміздегі мұнай-газ саласына араласпақ. Олар көмірсутегін өндіру, тасымалдау, өңдеуге кіріспек. «Цинхауа» энергетика саласын дамытуға атсалыспақ. Қытайдың тәжірибелері мол ірі-ірі компаниялары елімізде  талай-талай ірі шаруаларды жандандырмақ. Өздерінің білікті мамандарын әкеліп кіріспек. Солай арқалы біздің мамандар да пісіп жетілмек. Бірге жұмыс жасап, қатар жүріп тер төксе, біздің білікті мамандар да сол мамандықтарды игеріп әкетеріне күмән жоқ. Оқыған-тоқығандары жеткілікті, керегі тәжірибе ғана ғой.

Қытайлық іскерлермен шаруашылықтың ұсақ-түйегіне дейін талдап, нақтылау біздің Елбасымыздың тек сұңғыла саясаткер ғана емес, бір кезде домна пешінің алдында шар болаттай қайралып шыңдалып, өндірістің бел ортасынан өскен қайраткер екендігінен болса керек. Өзі айтқандай ол паркетте, жылы кабинетте өскен жан емес қой. Бұл ахуалдың қытайлық іскерлерге ерекше ықпал еткені даусыз. Ол істің иесі бар, түсіністікпен қарайтын басшы бар екендігін, демек жұмысты батыл жүргізуге болатындығынан хабар береді емес пе?

Елімізде 45 бірлескен нысан  ашу жөніндегі келісімге қол жеткен. Оның ішінде 25-і бойынша жалпы құны 23 миллиард доллардың келісіміне қол қойылған. Басталған осынау екіжақты келісімшарттар бұдан әрі де жалғаса бермек. Келесі кезекте тағы осындай шаруалар қолға алынбақ. Сараланып, сарапталған соң тиімді деп табылған жаңа жобаларға келісім-шарттар құрылмақ. Демек, бүгінгі келісімдер алдағы үлкен істердің іргетасы. Екі ел арасында теміржол, автокөлік жолдары бар. Қытайдың «Жібек жолы» бағдарламасының төңірегінде  арнайы «Азия инвестиция» деген банк құрылған. Сол банк арқылы «Жібек жолы» бойындағы барлық өндірістер қаржыландырылатын болады. Өндірістердің кейбіреулері бүтіндей Қазақстанның өз қаржысына салынады. Келесілері бірлескен кәсіпорын түрінде құрылады да, екі жақтан қаржыландырылады. Енді біреулеріне ұзақ жылдарға аз пайызбен жеңіл несиелер алынады. Ал, енді бір жобалар толықтай тегін жүзеге асырылмақ. Бұған, Алматыдағы айналмалы жолдың толықтай Қытай тарапынан салынатынын айтса болады. Еуропаның банктері, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты қаржы орталықтары көмек қолдарын созуда.

      Бөлінетін қаражат ауқымы, көптеген банктердің жұмылуы, ірі компаниялардың құлшынысы, серпінді жаңа жобалардың жоспарланып, қолға алынуы «Жібек жолы» мен «Нұрлы жолдың» ынтымақтастығы - бұл тарихымыздағы, дамуымыздағы жаңа бетбұрыс, жаңа кезең, ерекше оқиға. Ғасырлар бойғы екі ел арасындағы секем мен сенімсіздік тұманының сепілуі, болашаққа бірлесе қадам басуы. Көршілердің кіршіксіз көңілі, ортақ іске жұмылуы, бір-біріне қолғабысы. Осынау жобаларды жүзеге асыруға жүздеген, мыңдаған отандастарымыз тартылмақ. Олар еңбекақы алмақ, табыс таппақ, жаңа мамандықтар игермек. Қиын болар, бірақ, ертең игілігін көрер, өз елімізде түтін түтетіп, еңбек көрігін қыздырар, өнім берер кәсіпорындарды салудан кім тартынар. Бұл - жаңа тыныс, тың серпіліс. Екіжақты келіссөздердің көздегені - серпінді даму. Әрине, бұған дейін де жиырма жылдам астам уақыт Қытаймен қарым-қатынасымыз болды. Энергетика және ресурс өндіру саласында біраз жұмыс атқарылды. Бірақ, бүгінгі келісімдер дәрежесі тым жоғары, ауқымы алмағайып.

Тарих қойнауында қалып, жаңғыруға талпынған әйгілі «Жібек жолына» бүгінгі заманнан Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдаламасы қол созғандай. Ізгі жол қайта түлеп, бұрынғысынша ел мен елді табыстырып, халық пен халықты жақындастырып, бір елдің озық мәдениетін, екінші бір елге жеткізіп, жаңа тыныс ашылмақ. Ұлы Жібек жолы өзінің о бастағы миссиясын жаңа заманда жаңаша қайта бастамақ. Осынау әлемдік дамуға үлес қосар ізгі бастаманы көтеріп, оған жан бітіріп, қаражат салып, ұйтқы болып отырған - Қазақстан, оның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Мәңгілік Ел болуды көксеген Ұлы Дала елі!

Әсем Құлжанова

Соңғы жаңалықтар