Татарстан президенті: ЭКСПО - Қазақстанның ғасырлар бойы мақтануға тұрарлық ескерткіші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесінің Ресей Федерациясы ұлттық секциясында Татарстан бөлімі ашылды. Татарстан апталығының салтанатты ашылуына ел президенті Рустам Минниханов арнайы келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл әлемдік деңгейдегі оқиға. Астанаға бүкіл әлем назарын тігіп отыр. Энергия мәселесі - өмірдің барлық қажеттіліктері үшін аса маңызды. Мұнда ең заманауи технологиялар мен әдістер жиналып отыр. Әрине, жоба ауқымды әрі күрделі. Жарты жыл бұрын осында келгенде, Ахметжан Есімов («ЭКСПО-2017»ҰК АҚ Басқарма төрағасы) маған құрылыс пен дайындық жұмыстарын көрсеткен еді. Соңғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың барлығы - ғасырлар бойы мақтануға тұрарлық бірегей ескерткішті тұрғызған адамдардың орасан зор еңбегі. Мұның барлығы Қазақстан халқы үшін қызмет ететін болады», - деді Рүстем Минниханов Татарстан бөлімінің ашылу рәсімінде.

«ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов өз сөзінде бауырлас Татарстанмен ежелгі тарих байланыстыратынын және екі елдің тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Татарстан Республикасының Мемлекеттік ән-би ансамблі өнер көрсетті.

Көрмеде интерактивті және мультимедиалық жабдықтар арқылы Татарстанның 15-ке жуық ірі компаниялары таныстырылған. Олардың қатарында «Татнефть» АҚ, «ТАИФ» компаниясының тобы, «КАМАЗ» КАҚ, «Татэнерго» АҚ сынды компаниялар және Қазан мемлекеттік энергетика университетінің жұмыстары бар. Сондай-ақ, апталық барысында «Жаңа энергетика, инвестициялар және серіктестік» атты конференция өтеді.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың 3 қазанында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Татарстан Республикасымен ынтымақтастық байланыс жайлы меморандумға қол қойған еді.

Соңғы жаңалықтар