Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың туғанына 135 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін татар халқының һәм күллі түркі әлемінің ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың туғанына 135 жыл толып отыр.

Деректерге сүйенсек, «Түркі жұртының Тоқайы» атанған демократ ақын 1886 жылы Қазан қаласының маңындағы Құшлауыш ауылында дүниеге келген. Бар-жоғы 27 жыл ғана өмір сүрген қысқа ғана ғұмырында Ғабдолла Тоқай татар әдебиеті мен мәдениетінің, қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосып, соңынан өшпес мұрасын қалдырды. Осындай алып мұра иегерінің екінші Отаны – қазақ даласы еді. Оның Қазақстанның батысындағы Орал қаласында ер жетіп, қазақ даласында алғашқы жырларын жазып, тұлға болып қалыптасқаны – біздің халқымыз үшін де үлкен мақтаныш бола алады. Жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуі болған еді. Осы кездесуде Нұр-Сұлтан қаласынан Ғабдолла Тоқайдың атына көше берілетіні туралы шешім қабылданғаны татар мен қазақ халқының ілгеріден ажырамай келе жатқан рухани бірлігінің айғағы іспеттес.

Ғабдолла Тоқай жастайынан тағдыр теперішін көп көрген. Әкесі Мұхаммед Ғариф ауыл имамы болса, шешесі Мәмдуда да имам Зейнетолланың қызы екен. Ғабдолла бес айға толғанда әкесі өледі, шешесі басқа ауылдағы молдаға күйеуге шығады да, Ғабдолланы Шарифа атты кемпірге тастап кетеді. Кейінірек шешесі ұлын қасына алғанымен, кешікпей өзі де өледі. Осылайша жетім Ғабдолла нағашыларына қайтарылады. Нағашысының қолында күйі болмаған бала бөтен біреудің тәрбиесіне өтіп, біраз уақыт бір алыс жанашырлардың асырауында болады. Алайда асырап алған әке-шешесі қатар ауруға шалдығады да, Ғабдолланы қайта нағашыларына қайтарады. Бұдан кейін де нағашы жұрты «баға алмаймыз» деген сылтаумен оны ауылдағы ұлы жоқ ағайынға береді. Кейіннен Орал қаласында тұратын туған әпкесінің бар екенін еске түсірген нағашылары оны қайтарып алып, соған женелткен екен.

Жасынан жетімдіктің тауқыметін талай тартқан Ғабдолла Батыс Қазақстанның Орал қаласындағы әпке-жездесіне келіп паналағанда оның жасы небәрі тоғызда болыпты. Оралда жүріп біліммен сусындап, медресе көріп, шығыс пен батыс әдебиетін таниды, қазақ жырларын да жаттап өседі. Ол Оралдағы Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесінде оқиды. Осында жүріп орыс мектебінен дүниәуи ғылымдарды, орыс тілін үйренеді. Тоқайтанушылар осы және басқа да дерек пен дәйекті келтіре отырып, ақынның поэтикалық отаны Орал еді деп айтады. Өйткені Ғабдолла осы қалада ашылған алғашқы баспаханада еңбек етіпті, газет-журнал, кітаптар басып шығару әліппесімен ең алғаш рет осы жерде танысыпты. Шығармашылық талантымен қоса саяси сауат көзін ашып, ерте кезден-ақ ұлт ісіне араласа бастапты. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. Баспасөзде жүріп қалам ұштап, қоғам ісіне белсене ден қоя бастайды.

Ғабдолла Тоқай жиырма жасынан асқанда туған өлкесі – Қазан қаласына қайта оралады. Отанына оралғаннан бастап тұлғаның ақындығы мен күрескерлігі шарықтап, даңқы елге жайылады. Ақынның шығармашылығымен қоса ұлт жолындағы үлкен күрескерлік қасиеті де өзінің өсіп-жетілген қазақ халқының арасындағы оқымыстыларына да ықпалын тигізеді. Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров Тоқай шығармасын өздері танысып қана қоймай, қазақша қотаруға да ат салысады.

Тоқай өлеңдерін қазақ тіліне алғаш М.Дулатов, С. Торайғыров, Е.Бүйрин, Ж.Сыздықов, Т.Әбдірахманов және тағы басқалары аударды. Ғабдолла Тоқай шығармашылығын М.Әуезов, С.Мұқанов, Т.Нұртазин, С.Талжанов, Ж.Сыздықов, Б. Ысқақов және өзгелер зерттеп, мақалалар жазды. Соның ішінде Мұхтар Әуезов Тоқай шығармашылығын жоғары бағалай келіп, оның Абай поэзиясымен рухани жақындығын атап көрсеткен екен. Ғабдолла Тоқай небәрі 27 жасында біразға созылған ауыр дерттің салдарынан 1913 жылы сәуір айында дүниеден өтті. Оның соңынан қалдырған рухани-әдеби мол мұрасы тек татар халқының ғана емес, түгел түркі жұртының қазынасы болып саналады.

Жақында Татарстан Республикасының Ғылым академиясы «Ғабдолла Тоқай XX–XXI ғасырлар кеңістігі мәдениетінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Сол жиында Татарстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесшісі Минтимер Шаймиев былай деген еді: «Тоқай шығармашылығы — бұл тұтастай алғанда тек мәдениет, өнер мен әдебиет қайраткерлері үшін ғана емес, біздің әрқайсысымыздың ұлтымыздың келешегі үшін сақтау жолындағы рухани қайнар. Сондықтан да оның шығармашылығы мәңгі жасайды деп сенемін. Жалпы ұлы ақынның халық жүрегінен жол тапқан шығармашылығы уақыт сынынан өтті, қазіргі заманмен де үндесіп тұр. Сондықтан да оның өлеңдері ХХ ғасырдың басында күллі түркі әлеміне таралып, Тоқайдың өзі де бауырлас түркі халықтарының ақыны атанды». Расында да Ғабдолла Тоқай ол - «Түркі жұртының Тоқайы»!

Ұлтыма

Ертелі-кеш сені ойлап, ұлтым менің сертті күн,

Сен сау болсаң, мен де саумын, ауру болсаң - дерттімін!

Ұлтым менің, жаным менің тек өзің деп тіл қатсын,

Бәрінен де асылсың сен, бәрінен де қымбатсың!

Милләткә

Синеке дип исәпләсәләр — бәхетле мин;

Игелекле шагыйрең булырга ниятлимен.

Күңелем «милли» дигән сүзне сөя — белмим, нидән?

Милләтем, мине «милли» ит — миңа шатлык бүләк ит.



Соңғы жаңалықтар