Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 14 °С
Алматы: 28 °С
USD 346.68 EUR 404.02
RUB 5.47 CNY 51.15
Жаңалықтар

Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың қайтыс болғанына 105 жыл

2018 жылғы 17 сәуір 07:01 1174
Бөлісіңіз:
Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың қайтыс болғанына 105 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ Абайды қаншалықты биікке көтерсе, татар Ғабдолласын соншалықты пір тұтады. Ұлтты оятар отты жырлардың иесі Ғабдолла Тоқай бар-жоғы 27 жыл өмір сүріп, соңына өшпес мұра қалдырған ақын. Сынаптай сырғыған өмірін ұлтына арнаған татардың ұлы ақынының туғанына биыл 132 жыл, ал қайтыс болғанына 105 жыл болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш жасында ғана әке-шешеден бірдей айырылған Ғабдолланы тағдыр бала кезінен-ақ сынапты. Бірақ, оның өмірдерегін ақтарып отырсақ, отты жастың жігері мұқалмағанына көзіміз жетеді. Ақын өзінің ғұмыры қамшының сабындай ғана боларын сезіп кеткендей, өмірге құштар жүрекпен, өлеңді өзгелерден ерек сүйіп, тірлігінде тынымсыз еңбек етіп кеткен екен. Жиырма жасқа толмай тұрып, түрік, парсы, араб, орыс тілдерін меңгерген ол өмірін де, өлеңін де туған еліне арнады. Өлең атты қасиетті өнерге ден қойғаннан бастап, жанары сөнгенше соңына мол мұра қалдырып үлгерді.

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» татар ақынының өмір жолы туралы біршама толық мәлімет берілген. Батыс Қазақстандағы Орал қаласында әпкесі барын естіп, Ғабдолла 9 жасында сонда жөнелтілген. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медресе жанындағы орыс мектебінен дүниәуи ғылымдарды, орыс тілін үйренеді. Шығармашылық таланты жарқырай ашылады. Титтейінен тағдырдың ыстық-суығын көріп шыңдалған Ғабдолла сол кезден-ақ ұлт ісіне араласа бастайды. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. Ғабдолланың жақын досы әрі аттасы Ғабдолла Қариев «ол медреседегі ең білімді, алғыр шәкірт болатын» деп еске алған.

Қай жерде де ұлылар ең алдымен ұлтына қызмет етеді. Ғабдолла да жан-тәнімен өз ұлты үшін, татар халқының мүддесі үшін күресті. 1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы шыға бастаған 21 жастағы Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін сондай дәрежеде. Ол өмірден өгейлік көрсе де, өз халқына өгей бала еместігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кетті.

Шиллерден аударған «Бесіктегі бөбек» деген небәрі екі-ақ жол өлеңін Тоқай өз тіліне тым еркін аударып, өз жанынан көбірек қосқан. Оның қосалқы көркемдік штрихтарды, фразеологиялық және идиомалық тіркестерді көбірек қолданғанын аңғаруға болады. Тоқай аударма саласының тылсым иірімдеріне терең бойлап, Крыловтың алпыс бес мысалын қапысыз тәржімалайды. Сондай-ақ, Байрон мен Шиллердің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін түпнұсқадан шеберлікпен аудару - сол тұстағы әдебиетте кездесе бермейтін құбылыс еді. Сәбит Мұқанов сол кезде түркі халықтарының ішінде бірде-бір ақын Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмағанын айтып кеткен деседі.

Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуір айында көз жұмған. Ал ақынның нақты қай күні дүниеден өткені туралы дереккөздер әртүрлі жазады. Бірінде оның Клячкин ауруханасында 2 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында көз жұмғаны айтылса. Тағы бірінде 15 сәуір күні Қазан қаласында қайтыс болғаны жазылады. Тағы бір деректерде ақынның қайтыс болғаны туралы хат 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланған екен.

Ұлт үшін талмай еңбек еткен ақынын халқы да ұмытқан жоқ. Бүгін де Татарстанның өнер мен әдебиет саласындағы ең үлкен мемлекеттік сыйлығы Ғабдолла Тоқайдың атында екенін айта кету керек.

 

 

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат