Тасмағамбетовтің жаңа қызметі, Тоқаевтың Бейбітшілік формуласы - ҰҚШҰ саммиті несімен есте қалды

None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - 23 қараша күні Арменияның Ереван қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянның төрағалығымен өткен саммитке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен біргеБеларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Отырыста ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ҰҚШҰ-ның болашақтағы мақсат-міндеттерін, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің жай-күйі мен даму перспективаларын, Украина мен Ресей, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстарды, Ауғанстандағы аштық, терроризммен күрес мәселесін, сонымен қоса ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы іс-шараларды талқыға салды. Саммитте көтерілген мәселелер жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыз.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын атап өтті.

Фото:akorda.kz

«Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы»,-деді Қазақстан Президент.

Армения мен Әзербайжан қақтығысы

Осы орайда Мемлекет басшысы көрші елдер арасындағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу керегін алға тартты. Өз сөзінде, соның бірі - армян-әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдайтынын жеткізді.

«Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері армян-әзербайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз»,-деді Мемлекет басшысы.

Жиынға қатысқан Ресей Президенті Владимир Путин де екі ел арасындағы қақтығысқа қатысты сөз қозғады. Оның айтуынша, Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты тұрақты түрде қалыпқа келтіруге тек «шекараны делимитациялау, көлік байланыстарын ашу және гуманитарлық мәселелерді шешу жөніндегі келісімдерді дәйекті түрде орындау» арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Фото:akorda.kz

«Бұл Ереван мен Бакуге бітімгершілік келісімге қол қоюға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Біз Армения премьер-министрімен бұл мәселе жөнінде қысқаша сөйлестік және бүгінгі екіжақты кездесуімізде бұл туралы толығырақ айтатын боламыз»,-деді РФ Ппрезиденті.

Украина-Ресей: «Бейбітшілік формуласын бірге қарастыратын уақыт келді»

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды.

«Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Ыстанбұлдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді, бірақ түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек»,-деді Мемлекет басшысы.

Фото:akorda.kz

Ауғанстан мәселесі: ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздік

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды.
«Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз»,-деді Қ. Тоқаев.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Ауғанстан мәселесін, оның ішінде терроризм проблемасын тілге тиек етті. Ол Ауғанстандағы жағдайға қатысты ішкі шекараларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді біріктіру қажет екенін айтты.

«Терроризм ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан да ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын, басқару органдары мен құрылымын бірлесіп даярлау терроризмге қарсы бағытталуы тиіс»,-деді Қырғызстан Президенті.

Жиында 10-нан астам құжатқа қол қойылды

Аталған жиында Арменияның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аяқталды, бұдан былай ҰҚШҰ-ға Беларусь мемлекеті төрағалық ететін болады. Осылайша, ҰҚШҰ-ның келесі отырысы 2023 жылдың төртінші тоқсанында Минскіде өтеді.

Осыған байланысты Беларусь Президенті Александр Лукашенко алдағы жұмыстың басым бағыттарына тоқталды. Оның қатарында дағдарысты еңсеру, ҰҚШҰ аумағында тұрақсыздыққа жол бермеу, халықаралық ұйымдармен және басқа елдермен ынтымақтастықты дамыту арқылы ҰҚШҰ-ның халықаралық қатынастар жүйесінде позициясын айқындау мәселесі бар. Сонымен қоса ол ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер өз міндеттерін орындауға, олардың әскери-техникалық ынтымақтастығын нығайтуға және ҰҚШҰ-ның ақпараттық-сараптамалық саладағы институционалдық әлеуетін арттыруға бағытталатынын атап өтті.

Фото:akorda.kz

Кеңес барысында мемлекет басшылары 10-нан астам құжатқа қол қойды, атап айтсақ оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ)) ынтымақтастық, 2023 жылға арналған бюджет және ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыру туралы құжаттар бар. Мәселен, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарын орындау мақсатында ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күшін заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыру туралы маңызды шешімге қол қойылды. Сондай-ақ ҰҚШҰ-ны радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс пен медициналық тұрғыдан қамтамасыз етуді бірлесіп құру туралы шешім қабылданды. Мұндай маңызды және дер кезінде қабылданған құжаттар мен оларды жүзеге асыру ҰҚШҰ Ұжымдық күштерін жаңа сапалы деңгейге шығарады деп күтілуде.

Фото:akorda.kz

Сонымен қоса Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының 2023 жылға арналған бюджеті бекітілді. Мемлекет басшылары Арменияның 2021-2022 жылдардағы Ұйымға төрағалығына жоғары баға берді.

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы болды

Тағы бір маңызды жаңалық – Қазақстанда әр жылдары Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл атқарады.

Осыған қатысты пікір білдірген белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов ҰҚШҰ бас хатшылығына әскери адам емес, Иманғали Тасмағамбетов сияқты өте сауатты саясаткер қажет екенін айтты. Ол өзінің Telegram парақшасында бұрынғы Қорғаныс министрі әрі экс-премьер-министр Тасмағамбетовтің мұндай лауазымға тағайындалуының төрт себебін атап көрсетеді.

Біріншіден, ҰҚШҰ-ның тәртібі бойынша Қазақстан өкілі алдағы үш жыл бойына Бас хатшы қызметін атқаруы тиіс, яғни Иманғали Тасмағамбетов 2026 жылға дейін ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметін атқарады.

Екіншіден, қазіргі уақытта ҰҚШҰ-ның өзекті мәселесі - Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс. Сондықтан да саяси тұрғыдан алғанда, оның айтуынша, Арменияның мүддесін қазақ қорғаған дұрыс, бұл әзербайжандықтардың ұстанымын «жұмсартар» еді.

Үшіншіден, бұған дейін ҰҚШҰ хатшысы қызметін атқарғандардың ҚР Премьер-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болған Иманғали Тасмағамбетов сияқты саяси тәжірибесі болған жоқ.

«Қазір ҰҚШҰ қиын кезеңді бастан өткеруде, сондықтан Бас хатшы лауазымына әскери адам емес, өте сауатты саясаткер қажет», - деп түсіндірді ол.

Төртіншіден, Иманғали Тасмағамбетовтің ҚР Қорғаныс министрі лауазымындағы тәжірибесі бар әрі оның Ресеймен байланысы жақсы.

«Иманғали Нұрғалиұлы өте белсенді, саясатта көп игі іс атқара алатынына сенімдімін»,-деп түйіндеді Марат Шибұтов.

«Сыртқы күштерден қорғану үшін ҰҚШҰ-ны пайдалану маңызды»

ҰҚШҰ-ның маңыздылығы неде? Оның перспективасы қандай? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевқа жүгінген едік.

Фото:kisi.kz

«ҰҚШҰ-ның мақсаты бейбітшілікті, халықаралық, аймақтық қауіпсіздікті нығайту, аумақтық тұтастықты сақтау, ұйымға мүше мемлекеттердің егемендігін қорғау екені белгілі. ҰҚШҰ-ның құрылымы оның алдына қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, қаңтар оқиғасын атап өтсек болады. Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ-ны пайдалану мүмкіндігі белгілі бір деструктивті күштердің басқыншылық іс-әрекеттеріне қарсы оң әсер еткеніне бәріміз куә болдық. Деструктивті күштер тарапынан қандай да бір операция жасалмаса да, ҰҚШҰ көмегін пайдалану жақсы нәтиже берді. Осыған қарап-ақ, қазір бұл құрылымның болашақта да дами беретінін айтуға болады»,-деді сарапшы.

Еске салайық, биылғы қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер, атап айтсақ Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің бітімгерлері Қазақстанға келген еді. Ұйымға мүше елдерден 2000-нан астам адам мен 250 бірлік техника елдегі жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқан. Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде биылғы қаңтарда алғаш рет жұмылдырылды.

Сондықтан да маманның сөзінше, елімізді сыртқы күштерден қорғау үшін ҰҚШҰ-ны пайдалану маңызды.

«Сонымен қоса Қазақстан Республикасы өкілінің Бас хатшы болып тағайындалуының да біз үшін маңызы өте зор. Президент атап өткендей, Қазақстан үшін кез келген жанжалдың келіссөз үстелінде шешімін табуы маңызды. Кез келген күрделі дағдарыс пен кикілжіңнен шығудың тиімді жолы тек сындарлы диалог болуы тиіс. Сондықтан да Қазақстан үшін де қазіргідей геосаяси жағдайлар шиеленісіп, қақтығыстар саны артып жатқанда кейбір сыртқы күштерден қорғану үшін ҰҚШҰ-ны пайдалану маңызды»,-деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, биылғы 16 мамырда Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қоюдың 30 жылдығына және ҰҚШҰ құрылғанына 20 жыл толуына арналған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі өткен еді. ҰҚШҰ-ның келесі отырысы 2023 жылдың төртінші тоқсанында Минскіде өтеді.


Соңғы жаңалықтар