Тасмағамбетов Қашағанның ашылуына 7 жастағы баланы не үшін әкелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тәуелсіздік тағылымы» атты тележоба барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Қашаған кен орнының ашылуына 7 жастағы баланы не үшін ертіп барғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тележоба барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұрындары еліміз жылына 24 млн. тонна мұнай өндірсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 85 млн. тоннаға жетіп қалғанын айтты.

«2001 жылы біз Қашағанды аштық. Қашаған  бұл 50 жыл бұрын Алияска ашылған кен орнынан кейінгі әлемдегі ең ірісі саналады. Қоры 5 млрд. тоннаға жетеді, триллион текше метр газы бар. Сол кезде Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын. Иманғали  7 жастағы баланы алып келіпті. Мен оның және қалғандардың бетіне  мұнай жақтым. Қазір ол үлкен жігіт болыпты», - деді Назарбаев.

Өз кезегінде Иманғали Тасмағамбетов аталған баланы алып келген себебін түсіндірді.

«Баланы алып келуге өзіңіздің айтқан бір сөзіңіз түрткі болды. Сіз кезінде: «Иманғали, Каспийдің, жалпы Батыс Қазақстанның  мұнай кен орындарын  игеру үшін шетелдік алып компанияларды алып келуге мәжбүрміз. Өйткені, бізде қазіргі жағдайда оларда бар қаражат бізде жоқ. Оларда бар технология бізде жоқ. Бірақ, уақыт келеді. Біздер осыларды  пайдаланып, сол кен орындарын өзімізге қайтарып аламыз. Байлық өзіміздікі болады», деген сөзіңіз түрткі болды. Сондықтан 7 жастағы баланы алып келіп, өзіңіз Қашағанның бірінші мұнайын бетіне жағып бата бергенсіз», - деді ол.

Сонымен қатар Президент бір кен орнынан мұнай алу үшін 20 млрд. доллар қаржы салу керектігін айтты.

«Біз мұнан өттік. Қазір қызметкерлердің 80 пайызы қазақстандықтар», - деп атап өтті Елбасы. 

Соңғы жаңалықтар