+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Тасқынға – тосқауыл: ШҚО-да 94 елді мекенді су басу қаупі бар

2021 жылғы 3 наурыз 11:35
Бөлісіңіз:
Тасқынға – тосқауыл: ШҚО-да 94 елді мекенді су басу қаупі бар

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 22 613 адам тұратын 94 елді мекенді су басу қаупі бар. Тасқынның алдын алу үшін өңір бойынша 2412 техника, 370 мотопомпа дайындалып, 87 мың дана ыдыс-қап, 15 мың тонна инертті материалдар әзірленген. Құтқарушылар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша абай болу қажеттігін ескертуде. ҚазАқпарат тілшісі өңірдегі су тасқынына дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығы жайлы қаузайды.

Ұқсас жаңалықтар
ШҚО-да 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр ШҚО-да 30 жылға жуық жеке куәліксіз жүрген әйел анықталды Алматыда жоғалған 15 жастағы жасөспірім ШҚО-да табылды

Өткенге талдау, биылға жоспар

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өткен жылы көктемгі су тасқыны кезеңі қалай өткенін талдап, қауіпті учаскелерді анықтаған. Құтқарушылардың сөзінше, тізімде 22 613 адам тұратын 94 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл ауылдарда 7191 тұрғын үй орналасқан.

- Қардың еруіне байланысты су басуы мүмкін елді мекендерге басты назар аударып отырмыз. Талдау көрсеткендей, тасқын қаупінің деңгейі Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Бородулиха аудандарында жоғары болып отыр, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.

ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың айтуынша, су тасқынына әкімдіктер 87 мың дана ыдыс-қап, 15 мың тонна инертті материалдар, 373 тонна ЖЖМ әзірледі. Сыйымдылығы 11800 адамды құрайтын 108 эвакуациялық пункт дайындалды.

- Жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінде төтенше жағдайларға 1,9 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 366 мың текше метр қар шығарылды, автокөлік жолдарындағы 2647 және теміржолдардағы 121 су өткізу құрылыстары тазартылды. Сондай-ақ 489 көпір, 514 арық пен канал тазартылған. 3 рет аэровизуалды тексеру жүргізілді. Жол картасы бойынша 2021 жылы облыстың 5 ауданында жалпы сомасы 134 млн теңгеге 10 шара іске асыру жоспарлануда. Мәселен, наурыз айында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Уба өзендерінде мұзды жару бойынша алдын алу жұмыстары көзделіп отыр, - деді ол.


2412 техника сақадай сай

Өңірдің барлық қызметтерінің жұмысын күшейту мақсатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен 1 ақпаннан бастап аймақ аумағында жоғары дайындық режимі енгізілді. Жұмыс топтары жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны кезеңіне тексеру жүргізді. Облыстың су басу мүмкін учаскелері жіті тексерілді. Тасқын қаупін азайту үшін бекітілген іс-шараларды орындау бойынша ұсыныстар беріліп, тиісті жұмыстар қолға алынған.

Шығыс Қазақстанда 2412 техника, 370 мотопомпа бар. Қазіргі уақытта құтқарушылар «Көктем-2021» Республикалық командалық – штабтық оқуларын өткізуге дайындалып жатыр. Ол бүкіл республика бойынша 4-5 наурыз күндері өтеді. Оқу-жаттығу шеңберінде 103 электросирена іске қосылып, телерадио хабарларды тарату жолымен орталықтандырылған хабарлау жүйесі жүзеге асырылады.

- Тұрғындарға айтарым, үрейге берілудің қажеті жоқ. Егер біз өз ауламызды, ал ПИК үй маңындағы аумақтарды тазаласа, тығырықтан шығуға болады. Полиция қар шығару жұмыстарын уақтылы істемеген ұйымдарға қатысты тиісті шараларды қолданады. Бәрі ойдағыдай іске асса, су басу қаупі барынша азаймақ. Сонымен қатар жер үй тұрғындары су өткізу құбырларының жағдайын бақылап, оларды тазалауы қажет, - деп түсіндірді Дмитрий Титов.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша жердің тоңы 34 см-ден 150-ге дейін. Қар жамылғысының биіктігі – 3-тен 67 см-ге дейін.

- Қазіргі уақытта гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі мұз қалыңдығы 28-ден 94 см-ге дейін жетеді. Шағын өзендерде мұз қабатының бұзылуы байқалады, - дейді мамандар.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT