Тасқынға байланысты Алматы облысындағы 5 ауылда төтенше жағдай жарияланады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Толассыз жауған жаңбыр салдарынан су шайып кеткен Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты 5 ауылда төтенше жағдай жарияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дегерес ауылдық округіне қарасты Дегерес, Сұнқар, Қараарша, Бесмойнақ және Шиен ауылдық округіне қарасты Шиен ауылдарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Оны жою басшысы болып Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары А. Туматаев тағайындалсын және оған табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлының шешім-жобасында.

Айта кетейік, 21 шілде күні болған нөсер жаңбыр салдарынан аталған ауылдардың аумағын су шайып, тас жолдарды, газ және ауыз су құбырыларын зақымдаған еді.

«Бүгін Дегерес, Шиен ауылдық округінің аумағында қатты жаңбыр салдарынан су тасқыны болды. Оқиға бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тиісті жұмыстар атқарады», - делінген 21 шілдеде жарияланған әкімдік хабарламасында.

Мәлім болғандай, қазір тасқын судан залал келген нысандар мен инфрақұрылымдық желілерге жөндеу жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар