Тасқын судан зардап шеккендерге жан-жақты көмек беріледі – Өмірзақ Шөкеев

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтааралдағы төтенше жағдай бойынша кезекті штаб отырысын өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су басқан елдімекендерде халыққа жан-жақты көмек беріп, қолдау көрсету керектігін атап өтті. Аймақ басшысы халыққа көрсетілетін көмектің үлкен ауқымда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы ең алдымен эвакуациялық орындарға орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны мен жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметін жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ, апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тартуды ұсынды.

«Үйлерге келген залалдың мөлшерін есептеуді тапсырамын. Кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтауды міндеттеймін. Зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажет. Ауылшаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиянның мөлшерін есептеп, қауіп төніп тұрған елдімекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет тұрғызуды қолға алу керек», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар