Тасқын су ортасында қалған жүкті әйел мен баланы ауыл әкімі беліне арқан байлап алып шықты

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тасқын су ортасында қалған жүкті әйел мен баланы ауыл әкімі беліне арқан байлап қауіпсіз жерге алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін Бәйдібек ауданында болған. Шаян-Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолмен келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан ағын судың әсерінен жолдан шығып кеткен. Автокөлік ішінде 39 жастағы ер азамат және 33 жасар жүкті әйел мен 7 жасар бала болған. Олар қорыққанынан көлік үстіне шығып, көлікті паналаған.

Бұл жайында түсірілген видео әлеуметтік желіде де тарады. Онда адамдарды көлікпен бірге су ағызып бара жатқанын көруге болады. Жағада тұрғандар құтқаруға әрекеттеніп, көмек береді. Кеңес бойынша олардың бірі суға секіреді. Алайда ол біршама жерге ағып кеткен.

«Кейін машина үстіндегі қалған әйел мен баланы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап су ортасынан алып шықты. Қазір олар аудандық орталық ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер бақылауында» - дейді Бәйдібек ауданы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Бүгін, 2 ақпан күні сағат 08:00-ден бастап таулы аудандарда қар еріп, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су деңгейі көтерілгенін жаздық. Салдарынан Кентау және Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аулалар мен көшелер су астында қалды.

Сондай-ақ тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны хабарланды.

Түркістан облысының үш ауданында 6 көшені су басқаны айтылды.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар