Тасқын су Бағыс ауылына баратын жалғыз жолды шайып кеткен - Сарыағаш ауданы
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қазығұрт ауданындағы апатқа қатысты жағдай тұрақтала бастады. Екі ауданда нөсер жауынның салдарынан 7 ауыл округінің 11 елді мекенінде үйлер мен қора-қопсыға су кірген болатын. Суда өлген малдардың саны 370-ке жеткен. Түні бойы ТЖ қызметкерлері су кірген үйлерде мотопомпа арқылы су шығару жұмыстарын жүргізді.
Ауыл жастарынан құрылған еріктілер тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. Қазығұрт ауданындағы 4 елді мекенге қол ұшын беру үшін өңірдің әр аумағынан және Шымкент қаласынан 100-ден астам ерікті жас жиналды. Олар су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен қора-жайларды, көшелерді лай-батпақтардан тазалау жұмыстарына атсалысуда. Атап айтқанда Түркістан мен Арыс қаласы, Келес, Төлеби, Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандары, сондай-ақ Шымкент қаласының еріктілері ауыл тұрғындарына көмектесіп жатыр.