Ташкенттегі архивтерде көптеген тарихи құжаттарымыз жатыр - доцент Сәрсебай Кәрібаев

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктеп, ұлы мақсаттарға жетелейді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәрсебай Кәрібаев аталған мақала туралы осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент Сәрсебай Өскенұлының сөзінше, мақалада жарияланған 6 ірі жоба тарихи сананы жаңғыртуға үлкен сеп болады. Әрі өткенімізді түгендеп, болашақты бағамдауға жол ашады. Сонымен қатар әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүрген көптеген тарихи құжаттармен танысуға мүмкіндік береді.

«Елімізде «Архив 2025» арнайы жобасы бойынша көп жұмыс істеуімізді қажет етеді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да көп зерттеулер жүргізілді, көп материалдар әкелінді. Дегенмен бұрынғы Кеңес Одағына кіретін елдерде, оның ішінде Ташкент қаласындағы архивте біздің көптеген тарихи құжаттарымыз жатыр. Өкінішке қарай саяси жағдайларға байланысты ол жердегі құжаттарға біз жақындай алмадық. Қазір көрші елдегі биліктің өзгеруіне байланысты біз сол тарихқа толы құжаттармен танысуға, керек болса елімізге алып келуге мүмкіндік туатын шығар деп үміттенеміз»,- дейді Сәрсебай Кәрібаев.

Ол сондай-ақ төл тарихымызды тәрбиелеуші, қоғамды алға сүйрейтін құрал ретінде пайдалану керек деп есептейді.

«Қазақтың тарихын жас ұрпақтың, жұртшылықтың санасына жеткізу үшін тарихи фильмдер көбірек түсірілуі қажет деп есептеймін. Сол сияқты тарихи оқиғалар желісімен, тарихи тұлғаларды көрсетіп анимациялық фильмдер шығарылса балалардың санасына тез жететін еді. Тарихи деректерді тағы да жан-жақты зерттеп, жүйелейтін болсақ әлі де көптеген жаңалықтар ашылатын еді», - дейді доцент Сәрсебай Кәрібаев.

Соңғы жаңалықтар