Ташкентте Түркі елдері сауда-өнеркәсіп палатасының отырысы өтті

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ташкентте Түркі елдері сауда-өнеркәсіп палатасының (ТСӨП) отырысы мен Түркі инвестициялық-іскерлік форумы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТСӨП отырысына Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТСӨП президенті Рифат Хисарджыклоглу, ТСӨП палатасы және «АСК» президенті Мамед Мұсаев, Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Қырғыз Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марат Шаршекеев, Өзбекстан СӨП президенті Адхам Икрамов, Венгрия СӨП Басқарма мүшесі Джозеф Коваге, сондай-ақ Түрікменстанның Өзбекстан Республикасындағы елшісі Язғулы Мамедов қатысты.

Өзбекстанның СӨП төрағасы Адхам Икрамов өз сөзінде форумның түркітілдес елдердің іскер топтары арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюіне үлкен септігін тигізетініне сенім білдірді. Ал Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев СӨП құру идеясы 2018 жылы Ташкентте дүниеге келгенін еске салып, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен Ташкентте алғашқы іскерлік және инвестициялық форумын ұйымдастырып жатқанына қуанышты екенін білдірді.

Кездесу барысында Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауданы дамыту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ сауда, өнеркәсіп және кәсіпкерлік арқылы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар тауарлардың, капиталдардың, қызметтердің және технологиялардың еркін қозғалуын жеңілдету үшін кедендік және транзиттік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ Бірлескен инвестициялық қор құру сияқты мәселелерді қаузады.

Кездесу барысында Өзбекстан және Венгрияның сауда палаталары ТСӨП-ке кіруге ниетті екендерін білдірді. Тараптар 2019 жылғы 14 қазанда Бакуде Түркі Кеңесінің 7-ші саммиті аясында СӨП Алқасының келесі отырысында мүшелік хаттамаға қол қоюға келісті. Сарапшылар Өзбекстан мен Венгрияның Түркі сауда-өнеркәсіп палатасына кіруі Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда көлемін ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікір білдірді.

Сауда-өнеркәсіп палатасының отырысынан кейін Түркі инвестициялық және бизнес форумы өтті. Форумға Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің СӨП төрағалары, мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғалары, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлер бар-жиыны 500 адам қатысты.

Форумның бірінші сессиясы Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Эльер Ганиевтің құттықтау сөзімен басталды. Өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Ташкентте Форумның сәтті ұйымдастырылғанына қанағаттанатынын білдіріп, форум аясында құрылатын жаңа серіктестіктер түркітілдес мемлекеттер арасындағы экономикалық және сауда қатынастарының одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді. Ол сондай-ақ форумға қатысушылармен Өзбекстанның экономика саласындағы соңғы жылдардағы жетістіктері және болашақтың перспективалары туралы айтып берді.

Өз кезегінде Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Өзбекстан Республикасына, атап айтқанда, Өзбекстан Республикасының СӨП-іне, Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігіне және осы маңызды шараны жүзеге асыруға қатысқан барлық адамдарға алғысын білдірді. Ол сонымен қатар қатысушыларды түркі елдерінің экономикалық әлеуеті және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері туралы хабардар етті.

Еске сала кетсек, осы жылдың мамырында елордада өткен Астана экономикалық форумы аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжат қабылданған болатын.

Соңғы жаңалықтар