Ташкентте ТМД елдері Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте қазақстандық әскери делегация ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың жетекшілігімен ТМД-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің (ҚМК) кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңестің жұмысы басталар алдында қорғаныс ведомстволарының басшыларын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады.  Ол ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштері арасындағы өзара іс-қимылдың сипатына қанағаттанушылығын білдіріп, ТМД елдерінің қауіпсіздігі үшін ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.

ТМД ҚМК отырысы барысында тараптар әртүрлі байланыс жүйелерін пайдалану, ТМД елдерінің Қарулы Күштерін 2020 жылға дейін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелерін талқылады.  Сондай-ақ  2019 жылы Достастық мемлекеттері ӘШҚҚ біріккен жүйесінің бірлескен іс-шараларын белгіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша қорғаныс ведомстволарының басшылары ТМД шеңберінде бірқатар оқу-жаттығулардың өткізілуіне қатысты құжаттарға және 2019 жылға арналған Қорғаныс министрлері кеңесінің жұмыс жоспарына қол қойды.  Сонымен қатар, топографиялық салада әскери ведомстволардың өзара іс-қимылын дамыту, мұрағаттық құжаттармен алмасу және әскери-мемориалдық жұмыс мүддесінде дерекқорды пайдалану, дене дайындығы және спорт, әскери БАҚ, оның ішінде, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштері әскери журналистерінің «Әскер Медиа-2019» баспасөз фестиваліне қатысуы және өзге де бірқатар құжаттарға қатысты одан арғы даму бағытын айқындады.

Дәл осы күні ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының бірқатар басшыларымен бірнеше екіжақты кездесу өткізді. Оның барысында әскери ынтымақтастықтың басымдықтары талқыланды.  Сондай-ақ сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштерінің  академиясына барды. Онда оқу үдерісі және әскери кадрлардың дайындығымен танысты.
  

Соңғы жаңалықтар