Ташкентте Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліндегі кітабы таныстырылды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Өзбекстан астанасында Халықаралық Түркі академиясы бірқатар ғылыми және мәдени кездесулерді өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Атап айтқанда, Әлішер Науаи атындағы Ташкенттегі өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университетінде «Халықаралық түркологиядағы өзбек тілінің рөлі мен ынтымастастықтың келешегі» атты ғылыми конференция өткізілді. Аталмыш конференцияда бүкіл түркі әлемінің рухани дамуына қатысты маңызды сұрақтар талқыланды.

Конференцияда Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінің ғылым өкілдері қатысты.

Шара барысында алғы сөзбен ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев ортаға шығып, аталған сипаттағы шара мемлекеттер арасында барлық сала бойынша табысты ынтымақтастықтың алғышартын жасайтынын атап өтті.
null 

«Бүгін біз Жібек жолының, жаһандық процестердің қайта өрлеп келе жатқанын айта аламыз. Мен конференцияға қатысушылардың барлығына үлкен жетістіктер тілей отырып, басқосуларыңыз табысты болсын деп тілеймін. Біздің кездесулеріміздің барлығы өзара ынтымақтастықтың берік іргетасын қалайды. Ең бастысы, өздеріңіз білетіндей, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің рухани өрлеу процесімізді бұрыннан-ақ жан-жақты дайындап келеді. Сондықтан, менің ойымша, осы конференцияда оның «Рухани жаңғыру» атты толағай еңбегінде айқын көрсетілген негізгі бағыттарымен танысасыздар», - деді Ерік Өтембаев.
null 

Бұдан кейін сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түркі халықтарының мәдени жақындығы мен рухани байлығы туралы сөз қозғады.

«Біздің бүгінгі кездесуіміз - бүкіл түркі елдерінің ынтымақтастығын кеңейту мақсатында жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Біз Өзбекстанның ғалымдарынсыз түркі тарихын қалай жаза аламыз немесе Өзбекстансыз түркі әлемі туралы қалай айта аламыз? Сонымен қатар, біз Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Өзбекстанның Түркі кеңесіне қатысатыны туралы айтқан сөзіне өте қуаныштымыз», - деді Дархан Қыдырәлі.
null 

Сонымен қатар, түркі елдерінің ғылыми орталарының кездесулері аясында белгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліндегі жинағының таныстырылым өтті. Жинақты өзбек жазушысы Мұзафар Ахмад өзбек тіліне аударып шыққан. Кітаптың салтанатты таныстырылымын ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев пен Әлішер Науаи атындағы Ташкенттегі өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университетінің ректоры Шухрат Сирожиддинов өткізді.
null 

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Мағжан Жұмабаевтың жинағының өзбек тіліне аударылғаны үшін өзбек тарапына зор алғысын білдірді. Осыған байланысты Мұзафар Ахмад атқарған ауқымды еңбегі үшін Халықаралық Түркі академиясының медалімен марапатталды. Сонымен бірге, Халықаралық Түркі академиясының медаліне Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы бірқатар ғылыми концепциялар мен зерттеулер жүргізген филология ғылымдарының докторы, профессор Нәсімхан Рахманов ие болды.
nullnull
null 

Конференция барысында сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясы мен Әлішер Науаи атындағы Ташкенттегі өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университеті арасында ынтымақтық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Конференцияның соңында қазақстандық делегация Өзбекстан мемлекеттік өнер музейінде қазақтың ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушысы Абай Құнанбаевқа арналған кешке қатысты. Аталған кеште сондай-ақ, Абай Құнанбаев жайлы өзбек режиссері Гияс Шермухаммедов түсірген деректі фильм көрсетілді.
null 

Қазақстандық ғылыми делегацияның құрамына ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, академик, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов, С.Сейфуллин атындағы музей директоры Несіпбек Айтұлы, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай, «Мағжан» көркем-әдеби журналының бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, профессор, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек енді.

Соңғы жаңалықтар