Ташкентте қазақ тілінде Абай және Орта Азия әдебиеті атты монография жарық көрді

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстанда қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай Абай және Орта Азия әдебиеті атты зерттеу еңбегі жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзбекстанның Тұран ғылымдар академиясының және Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Қалдыбек Сейдановтың «Абай және Орта Азия әдебиеті» атты ғылыми зерттеу еңбегінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы шығармашылығының туысқан халықтар әдебиетіне ықпалы, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, қырғыз халықтарының бас ақындарымен әдеби байланысы зерттеледі.

Атап айтқанда, монографияда Науаи, Бабыр секілді түркі шайырларының Абайға ықпалы, Абайдың кеңес дәуіріндегі туысқан халықтар ақындарына ықпалы сөз болады.

Абайдың 175 жылдығына орай жарық көрген кітап Өзбекстан Жазушылар одағы «Ижод» қоры есебінен Ташкенттің «Adabiyot» баспасында басып шығарылды.

Қалдыбек Сейданов 1963 жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастар туралы жазып келеді. Оның осы уақытқа 745 мақаласы, 22 кітабы және «Таңдамалы шығармалар жинағы» мен «Өлеңдер» 10 томдығы жарық көрді. Өзбекстандағы қазақ мектептерінде 5,7,9,10,11 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жазды. Сонымен қатар автор университеттердің филология факультеті студенттеріне арналған «Әуезов және Орта Азия әдебиеті» (қазақ тілінде, 2006 ж.), «Шыңғыс Айтматов және өзбек әдебиеті» (өзбек тілінде, 1999 ж.) және «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулықтарын шығарды.

Өзбекстан тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёевтің Жарлығымен Қалдыбек Сейданов «Достық» орденімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар