Ташкентте «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» атты оқулық жарық көрді

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ташкент қаласындағы «Innovatsiya-Ziyo» баспасынан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайыржан Аралбаев (марқұм) пен филология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD) Ширин Смамутованың «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» атты іргелі еңбегі жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғару оқу орындары студенттері үшін арналған оқулық құралда қазақ –қарақалпақ әдеби байланыстарын бірнеше бөлімге бөліп қарастырған.

«Қазақ-қарақалпақ халық ауыз әдебиетіндегі байланыстар, эпостардағы ортақ сюжеттер» атты алғашқы бөлімде «Алпамыс» дастанындағы ортақ сюжеттер мен ерекшеліктер, қазақ-қарақалпақ эпостық және лиро-эпостық орындаушылар шығармашылығы, «Қырық қыз» дастаны, «Гүлдірсін» аңызы, қос халықтың салт-дәстүр жырларындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, тойбастар, сыңсу, жар-жар, беташар, жоқтау жайлы терең зерттеу бар.

Екінші бөлім Ноғайлы дәуіріндегі ортақ байланыстарға арналған. Соппаслы Сыпыра жырау, Асан Қайғы Сәбитұлы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Мүйтен, Бұқар, Жиен жырау шығармашылығы – тақырып арқауы.

«XIX ғасыр әдебиетіндегі әдеби байланыстар сипаты» бөлімінде Күнхожа мен Шернияз, Шоқан Уәлиханов және қарақалпақ әдебиеті, Әжнияз бен Қыз Меңештің айтысы, Бердақ пен Абайдың ортақ тақырыптары, Тұрмағамбет Ізтілеуов еңбектерінің қарақалпақ әдебиетімен байланысы туралы сөз қозғалған.

«XX ғасыр кеңестік дәуірдегі қазақ және қарақалпақ әдебиетіндегі байланыстар» атты төртінші бөлімде Бейімбет Майлин мен Мырзағали Дәрібаев, Сәбит Мұқанов пен Жолмырза Аймырзаев еңбектеріндегі үндестік жайлы қызғылықты деректер бар.

Бесінші бөлім «XX ғасырдың екінші жартысындағы қарақалпақ және қазақ поэзиясы, ондағы әдеби байланыстар көріністері» деп аталып, көптеген ақындар поэзиясы және И. Юсупов поэзиясындағы Қазақстан тақырыбы зерттелген.

«Қазақ-қарақалпақ әдебиетінің насихатталуы» бөлімі белгілі қазақ ақыны, халыаралық Алаш сыйлығының лауреаты Байбота Серікбаев еңбектеріне арналған.

«Байланыстар жайлы әдеби-ғылыми мақалалар шоғыры» бөлімінде Қ. Аралбаев пен Ш. Смамутованың Әжнияз, Сәбит Мұқанов, Төлеген Айбергенов, Ахмет Өмірзақ, Бегабат Ұзақов сияқты қаламгерлер жайлы мақалалары топтастырылған.

Соңғы бөлім – «Қарақалпақстанда туған қазақ қаламгерлері шығармашылығынан» деп аталып, Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Рахмет Аяпбергенов, Сабыр Адай, Ахмет Өмірзақ, Бауыржан Бабажанұлы, Мұрат Бекей, Әділ Балта, Бегабат Ұзақов шығармалары өмірбаянымен қоса берілген.

Қазақ-қарақалпақ халықтарының әдеби байланыстары жайлы 1977 жылдан бері мұндай еңбек жарық көрмегенін ескерсек, оқулықтың қос әдебиетте де оқиға екені айқындала түспек.

Аталмыш оқулық Өзбекстандағы ЖОО-лардың қазақ тілі және әдебиеті факультеттерінде оқытылады.


Соңғы жаңалықтар