Ташкентте Иранның ШЫҰ-ға кіру алгоритмі келісілді

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Ташкентте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы өкілдерінің консультацияларының қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қою рәсімі өтті.

Құжатта ирандық тараптың ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу жөніндегі міндеттемелері туралы меморандум жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иран сияқты мемлекеттің ШЫҰ-ына кіруі «географиялық жауапкершілікті» арттырады, аймақтық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа перспективалар ашады. Біздің Ұйым ұлан-ғайыр еуразиялық кеңістікте кең құрлықтық ынтымақтастыққа сенімді қадам басып келеді. Бұл аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деді Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Владимир Норов.

ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин бейне үндеуде тараптарға Иранды ШЫҰ-ға қабылдауға бағытталған құжаттарды келісу бойынша жақсы үйлестірілген жұмысы үшін алғыс білдірді.

Ол хаттамаға қол қоюдың өткен жылы сегіз мемлекет басшыларының Душанбедегі ШЫҰ саммитінде Иранды Ұйымға мүшелікке қабылдау рәсімін бастау туралы шешімін жүзеге асыру жолындағы практикалық қадам екенін атап өтті.

Бұл үдерістің келесі кезеңі биылғы жылдың қыркүйек айында Самарқандта өтетін ШЫҰ саммиті аясында міндеттемелер туралы меморандумға қол қою және осы міндеттемелерді орындау болмақ. Осыдан кейін ұйымға мүше елдердің басшылары Иранға ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырады.

Шараға ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары, мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері, сондай-ақ Ташкенттегі дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері қатысты.



Мәдибек Жәнібеков


Соңғы жаңалықтар