Ташкентте Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Мерекелік іс-шараға Өзбекстан Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев ашты. Елші сөзінде Астананың қалыптасу кезеңдері, қазіргі Қазақстанның жағдайы мен даму болашағы туралы айтты.

Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис заң палатасы спикерінің орынбасары Борий Әлиханов барлық қазақстандықтарды Астананың мерейтойымен құттықтады.

«Астана қаласына барған кез келген адам жігерленіп қайтады. Мен бұл елді мекеннің тарихына қызығушылық таныттым. Геродоттың өзі бірінші мыңжылдықта сол жерді сипаттаған. Кейін бұл елді мекен Ұлы Жібек жолындағы Бозоқ деп аталған. Қазақстан Президенті «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жаңа елорданың қандай жалпыұлттық идеяларға негізделіп, таңдалғанын атап өткен еді. Ол 32 факторды келтірген. Сондықтан, Астана қазіргі Қазақстанның символы мен брендіне айналып отыр», - деп атап өтті Борий Алиханов.

Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов Қазақстан астанасының қарыштап дамып жатқанын тілге тиек етті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар пікірталас барысында Астананың даму болашағы туралы әңгімелеп, Қазақстан орталығында орналасқан ірі мегаполистің қалыптасу маңыздылығын атап өтті және қаланың қайталанбас сәулет стиліне назар аударды. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан астанасының имиджін қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар