Ташкент төрінде Наурыз мейрамы тойланып жатыр

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасында Наурыз мейрамы таңнан бері тойланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттің меншікті тілшісі.

Орталық Азия мен Таяу Шығыстың өзге де халықтары сияқты, өзбектер үшін де Наурыз көктем мен жаңарудың, сан ғасырлық ұлттық құндылықтардың, әдет-ғұрыптардың мерекесі. Ежелден Өзбекстан тұрғындары көктемнің келгенін асыға күтеді. Өйткені жер қойны қызған сәттен бастап бақша, жасыл кілемге айналған дала төсінде думан бастайды.

Жергілікті дәстүр бойынша бұл күндері қазан көтеріліп, аналар мен әжелер сумаляк, халим, көк-самса, гужа сияқты дәстүрлі тағамдарды әзірлейді. Ағзаның қуатын арттыратын бұл тағамдар туған-туысқандарға, көршілер мен қонақтарға таратылады.

Ұлы ақын Әлішер Науаидің «әр түн сен үшін Наурыздай қасиетті болсын, күніңіз Наурыз сияқты жарқын болсын» деп келетін жыр жолдары бұл мерекенің өзбек халқы үшін қаншалықты маңызды және құнды екенін көрсетеді.

Бұл жолы да өзбек жұрты ежелден келе жатқан дәстүрінен жаңылған жоқ. Мерекенің ажарын ұлттық ән-бимен, әдет-ғұрыптармен, сахналық қойылымдармен аша түсті.

Еске сала кетсек, Өзбекстанда биылғы Наурыз мерекесі карантин талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Мерекелік іс-шаралар ашық алаңдарда, яғни саябақ, аллея мен стадиондарда өткізіледі. Оған халықтың көп жиналмауы және келушілердің маска тағуы, әлеуметтік қашықты сақтауы қадағаланады.



Авторы Мәдибек Жәнібеков


Соңғы жаңалықтар