Ташкент кинофестивалінде Қазақстан киносының күндері басталды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат –Ташкент «Жібек жолының інжу-маржаны» халықаралық кинофестивалінде Қазақ киносының күндерін «Анаға апарар жол» фильмімен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Бүгін Ташкенттің басты театр сахнасы – Өзбекстан Ұлттық академиялық драма театрында «Қазақ киносы күндерінің» салтанатты ашылуы өтті.

«Қазақфильм» АҚ президенті, кинорежиссер Ақан Сатаев өзінің құттықтау сөзінде «Ұзақ тарихы бар Ташкент кинофестивалі араға 24 жыл салып қайта жанданды. Бәрі тамаша өтті деп айта аламын. Кез келген кинофестиваль – кино мейрамы. Ұзақ үзілістен, түрлі карантин шектеулерінен кейін осындай форумда әріптестермен кездесу өте керемет. Біз кинофестиваль аясында көптеген меморандумдар жасадық. Жемісті, өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастықтан үміттенеміз», – деді.

Ташкент кинофестивалі туралы естеліктерін кино көрсетілімге келген қонақтарымен бөліскен Қазақстан халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев Өзбекстан Ұлттық академиялық драма театрының директорына қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың фильмдер топтамасын сыйға тартты.

«Мен мұнда 30 жылдан астам уақыт бұрын келген болатынмын. Ол кезде «Өзбекфильм» өте жоғары деңгейде еді. Содан кейін 90-жылдардың ортасында келгенімде, керісінше, киноиндустрия аянышты жағдайда болды. Біз көптеген өзбек актерлерімен доспыз. Көпшілігін өзім танитынмын. Әрине мен бұл жайтқа қатты уайымдадым. Өйткені кино – ұлттың визиткалық картасы. Бүгін тағы да кинофестивальге қатысып, Өзбекстан киноиндустриясындағы ауқымды өзгерістерге қатты қуандым», – деді Н. Ықтымбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бір апта бойы Ташкент, Әндіжан мен Ферғана кинотеатрларында көрермендер «Анаға апарар жол», «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Әміре», «Бір сен үшін», «Аманат», «Жылқы ұрылары» және «Оралман» сияқты қазақстандық фильмдерді көретін болады.



Соңғы жаңалықтар