Tartyl Fest турнирінің Оралдағы жеңімпазы: Сүйгенімді жаттығу кезінде таптым

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада 18 ақпан күні «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді. Оған өңірлердегі іріктеу жарысында үздік шыққан 170 спортшы қатысады. Соның бірі – оралдық Юрий Кичатов осынау үлкен дода қарсаңында ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Юрий, алдымен өзіңнің өмірлік жолың, спорттағы табыстарың туралы әңгімелеп берсең.

- Әр спортшының өмірінде өзінің бар күшін жинап, ең үздік нәтижесін көрсететін сәт болады. Мен өзім Орал қаласында туып-өстім. Мектепте оқыған кезімде спорттың біраз түрін байқап көрдім, бірақ біреуі де жүрегіме ұзақ ұяламады.

Бұдан 5 жыл бұрын көшеде StreetWorkout жаттығуларымен айналыстым. Онда 32 жаста едім, бұл спортшы үшін едәуір ересек жас болып есептеледі. Дегенмен бәрі жақсы болды. Бірте-бірте шеберлігім толысып, қалалық, облыстық жарыстардағы жеңісім StreetWorkout спортымен етене шұғылдануға жетелей түсті.

Сосын кәдімгідей спортшы есебінде сезініп, өзімді streetlifting күштік бағытында байқап көрдім. Оралдық жігіттермен бірге 2019 жылы Ресейде өткен Азия чемпионатына барып, өз салмақ дәрежемде чемпион атанып, үйге үш бірдей медаль әкелдім.

Содан кейін Еуропа чемпионаты, Ынтымақтастық кубогі, әлем біріншілігі жалғасты. Онда екінші орынға ие болып, 32 келі салмақпен 17 рет тартылдым, бұл спорт шебері атағын алу үшін жеткілікті болды.

- StreetWorkout-пен жаттыққаныңа бес жыл болған екен. Осы кезеңде не өзгерді деп ойлайсың?

- Бес жыл ішінде өмірімде көп нәрсе өзгерді. Бұл спорт түрі мені мүлде бөлек арнаға салып жіберді. Қарапайым құрылысшыдан осыдан екі жыл бұрын жасөспірімдер бапкеріне айналдым. Міне, сол кезде сүйіктім Анастасиямен таныстым. Ол да қыздарды керілу және әуе акробатикасы бойынша жаттықтырады.

Танысқаннан кейін жарты жылдан соң үлкен толқыныс үстінде сүйіктіме үйлену туралы ұсыныс жасадым, ол иә деді. Спорттық отбасы өмірі осылайша басталды.

Көше алаңдарында балаларды шыңдап, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыта жүріп, «Tartyl Fest» секілді ауқымды фестиваль болады деп ойлаған жоқпыз. Осы оқиға туралы білісімен-ақ бірден дайындыққа кірістік.

13 жасқа толмаған шәкірттерім фестивальға қатысып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетті. Енді биыл екінші кезең болса, жарыста жеңемін деп үміттенеді олар.

- Юрий, «Tartyl Fest» додасының Оралдағы кезеңі де тартысты өтті. Сен 30 жастан жоғарылар арасында 80 келіге дейінгілерден жеңімпаз атандың. Кермеге 40 рет тартылып, сол кезде ақтаулық Дамир Нәбиевтің рекордтық көрсеткішіне (44) сәл-пәл жетпей қалдың, не кедергі болды деп ойлайсың?

- Мен сол кезде Орал қаласында табыстарыммен танымал едім. Дайындық та өте тыңғылықты болды. Сондықтан Қазақстан бойынша ең рекордтық нәтижеге жетуге талпындым. Бір апта бұрын кермеге 49 рет тартылып едім.

Өз шәкірттерімді алға жіберіп, оларға жанкүйер болып, өз кезегімді күттім. Қатысушыларға қалай дұрыс тартылу керектігін таныстырған StreetWorkout шебері Айтым Жақыпов қасымда тұрып, жігерлендірді. Қазір ойласам, ұзақ күткендіктен, жанып кеткен секілдімін.

Көрермендердің бәрі маған жанкүйер болып, 35, 36, 37, 38, 39, 40 деп санап тұрды. Осындай сәтте қолым турниктен сусып, түсіп кеттім. Өкіндім, әрине. Дегенмен оралдықтар арасында чемпион атанып, 200 мың теңге сыйақы алдым. Бір айдан кейін жарыммен бірге Түркияға демалысқа тартып отырдым.

Басқа қалалардағы жігіттер менен гөрі табыстырақ болды, олардың салмақтары да (60-65 кг) әсер етті. Дамир өз алдына, солтүстікқазақстандықтар да 42, 43, 45 рет тартылып, асып кетті. Сондықтан гранд-финалдағы қарсыластарым мықты деп айтар едім.

- Ал, ендеше, дайындық қалай жүріп жатыр?

- Екі аптадай уақыт қалды, әзірлік қызу жүріп жатыр. Таңмен жүгіремін, сосын кермеге салмақпен және салмақсыз тартыламын. Жеңімпаз атанғым келеді, бұл біздің спорттық отбасымызға үлкен демеу болар еді. Ер адам қашанда алдан көрінуі керек. Сондықтан жеңіс біздікі болар деп ойлаймын.

- Егер жеңіп жатсаң, тағы да шетелге демалуға кетесіңдер ме, әлде пәтер аласың ба?

- Сірә, пәтерге жұмсайтын болармын. Әрине, жүлде қоры жетпейді, тек ипотекаға пәтер алу үшін бастапқы жарнаға жетеді.

- Ата-анаң туралы айта кетсең?

- Ата-анам әрқашан біздің бастамаларымызды қолдап отырады. Әлеуметтік желіден де бақылап отырады. Ауыр нәрсе көтерген кезде, әсіресе, анам Людмила Викторовна бірге қиналады. Ал әкем Алексей Петрович жақсы сыйлық күтеді. Ол өзі спортпен айналыспаған. Бірақ әңгімесіне қарағанда, әуе десанты күштері қатарында қызмет еткендіктен, жас кезінде кермеге тартылу мен айналудан жақсы нәтиже көрсеткен. Менің өзім де парашютпен үш рет секіргенмін.

Анама әкесінен көркем өнер жұққан. Ол керемет сурет салатын. Сол арқылы қиын болған тоқсаныншы жылдары табыс тауып, бізді алға жетеледі. Мен де құр алақан емеспін, портреттер сала аламын, бірақ бұл дарынымды дамыта қойған жоқпын.

- Адамдардың қандай қасиеттерін жоғары бағалайсың?

- Адамдардың ең алдымен еңбекқорлығын, қайырымдылығын жоғары қоямын. Еңбек адамды байлыққа кенелтеді, ал спорт мінезін шыңдап, күшін толыстырады. Екеуі бір-бірін толықтыратын ұғым деп ойлаймын өз басым. Еңбек етіп, спортпен айналысу керек. Қазір бапкер болып жұмыс істегенде, адамдардың спорт залға жаттығуға келуінің өзі күшке түсетінін көріп жүрмін. Спортқа көндіктіру оңай емес. Дегенмен жұмыста 50 адамды жаттықтырамын. Оқырмандарға ешқашан да еңсені түсірмей, алға сеніммен қарап, өз туғандарыңызды қолдаңыздар, ата-аналарыңызды жалғыз қалдырмаңыздар, жыл өткен сайын олар балаларынан алыстамасын, көрер қызығы азаймасын дегім келеді.

- Юрий, сұхбатыңа көп рахмет, алдағы гранд-финалда табысты өнер көрсетуіңе тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Tartyl Fest» фестивалінің Оралдағы жеңімпаз-жүлдегерлері анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 18 ақпанда Астанада «Tartyl Fest» финалы өтеді.


Cуреттер кейіпкердің жеке архивінен
Соңғы жаңалықтар