Tartyl Fest турнирі жыл сайын өтетін болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Tartyl Fest турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирі гранд-финалының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Жасы мен салмағына қарай 9 санат бойынша сынға түскен спортшылардың ішінде ең үздік өнер көрсеткен Мансұр Уалиев, Егор Ногин, Ілияс Мұкышев, Айбат Қапанов, Руслан Фатахов, Евгений Созончук, Руслан Касманов, Евгений Нам және Виталий Бибиков 3 млн теңгеден сыйақы алды.

Екінші орын мен 2 млн теңгелік сыйақыға ие болғандар: Айдос Сүйіндік, Нұрхат Тілеулиев, Радмир Темірболат, Никита Олейник, Ислам Береханов, Рамиль Әбішев, Андрей Антонянц, Илья Иванов және Валентин Жуков.

Үшінші орын мен 1 млн теңгелік сыйақыны Данил Ещенко, Аслан Баубеков, Наиль Иминов, Ерхан Майоров, Алмас Сапар, Тимур Андреев, Дамир Нәбиев, Олег Гурский және Арман Жамалиев алды.

Сондай-ақ, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан 30 жастан асқан атлеттер арасында үздік өнер көрсеткен Евгений Намның жетістігі турнир рекорды болып тіркелді. Ол белтемірге 52 рет тартылған болатын.

«Мақсатым өз рекордымды жаңарту еді. Өйткені, бұл гранд-финалға ұзақ дайындалдым. Әрине, әр спортшы өз рекордын жаңарту үшін тер төгеді. Менің бүгінгі мақсатым сол болды, яғни өз-өзіммен жарыстым», - дейді атлет.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов турниржыл сайын өтетін дәстүрлі жобаға айналатынын айтты.

«Бұқаралық спорт түрлерін дамыту – біздің негізгі мақсатымыз, міндетіміз. Мемлекет басышсы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде тұңғыш рет, елорданың төрінде Tartyl Fest атты спорт мерекесі өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырушы комитетпен бірлесіп бұл жобаны міндетті түрде жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырады деген ұсыныс білдіргім келіп отыр.

Болашақта бұл жобаны қолдай отырып, бұқаралық спорт түріне мыңдаған жасөпірім келеді деп сенеміз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар