Tartyl Fest-тен топ жарсам, жүлдемді пәтер сатып алуға жұмсаймын – Самат Шапибай

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы он жылдың айналасында Street Workout – көше спорты кеңінен таныла бастады. Спорттың осы түрімен айналысатын жастардың қарасы да жыл сайын артып келеді. Жамбыл облысында бүгінгі таңда 500-ге жуық жас көше спортының көшін бастап жүр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі зерделеп көрді.

Олардың қатарында Самат Шапибай да бар. Былтыр басталған Tartyl Fest байқауының қатысушысы осы ақпан айының 18-і күні елордада өтетін гранд-финалда да өнер көрсетеді. Аймақтан онымен бірге бірнеше спортшы бақ сынайды.

Саматтың айтуынша, қазір облыс орталығында да, аудандарда да саябақтар мен көшелерде Street Workout алаңшаларына көз үйренген. Аптаның әрбір күнінде, демалыс күндері одан да көп жастар сол алаңшалардан табылады. Ол салауатты өмір салтын ұстануды мақсат еткен еліміз үшін іс жүзіндегі үлкен нәтиже.

«Ол жастар тек қана темірмен шынығып, босқа тер төгіп те жүрген жоқ. Біріншіден замандастарына үлгі болып, спортпен айналысуға насихат жасап жүрсе, екіншіден бәсі биік додаларда аймақтың абыройын асқақтатып келеді», - деді жас воркаутшы.

Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек», - деген сөзі ойға оралады. Ол балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін де меңзеген.

Іле-шала дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілді. Алайда, Самат секілді жастар осындай маңызды құжат аясындағы жұмыстар өңірлерде көрініс таба бермейтініне қынжылады.

«Осы спорт түрімен 2012 жылдан бері тұрақты түрде шұғылданып келемін. Қазір Жамбыл облысында 481 бала воркаутпен айналысады. Мектеп қабырғасынан бастап айналысқандықтан, бұл спортта мол тәжірибе жинадым. Негізі, кермеге тартылумен 7 жастан бастап жаттыға бастайды. Бүгінде Әулиеата өңірі воркаут бойынша ел аумағында екінші орында тұр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Десек те, осы көрсеткіштерге ешқандай қолдаусыз, өз күшімізбен жетіп жүрміз деп айтар едім», - деді Самат Асқарұлы.

Олардың барлығы өз қалталарынан ақша шығарып жарыстарға қатысып жүрген көрінеді. Тек жоспарды орындау керек болған кезде ғана воркаутшылар спорт басқармасына керек дейді спортшы.

Ол Астанада өтетін тартысты бәсекеде топ жару үшін барын салатынын да жеткізді. Егер жеңіске жетіп, қаржылай жүлде қанжығалап жатса, баспана сатып алу үшін бастапқы құнын құюға ниетті. Өйткені, воркаутшының отбасы әлі күнге пәтер жалдап тұрады.

Сөз соңында талай жарыстан оза шауып, топ жарып жүрген Самат Асқарұлы алдағы уақытта басқарма тарапынан тұрақты қолдау болса деген талап-тілегін жеткізді.

Бұл ретте, ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт басқармасына да қайырылды. Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын, қандай қолдаулар бар екенін сұрадық.

«Стритворкаут спорт түрін облыста дамыту мақсатында 2014 жылдан алаңшалар салынып бастады. 2022 жылдың өзінде аймақта 25 стритворкаут алаңшасы пайдалануға беріліп, өңірдегі стритворкаут алаңшаларының саны 287-ге жетті. 2023 жылы аудандық, қалалық бюджеттен және демеушілер есебінен 10 стритворкаут алаңшасының құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Былтыр шілдеде «Март» сауда ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен кермеге тартылудан Tartyl Fest спорттық фестивалі өтті. Фестивальге 500-ден аса спортшы қатысты», - деді басқарманың бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Азамат Ділдебай.

Оның сөзіне қарағанда, сол секілді 2016 жылдан бастап облыс көлемінде «Көше ойындары» фестивалі ұйымдастырылуда. Фестиваль бағдарламасында стритворкаут, армрестлинг, мас-рестлинг, армлифтинг, халық жимі, гір спорты, арқан тарту және стритбол спорт түрлері қарастырылған. Фестивальдің барлық кезеңдеріне жыл сайын 10 мыңнан астам адам қамтылуда.

«Биыл да облыста екі ауқымды турир ұйымдастырылады. Ал алдағы ақпанда өтетін жарысқа 10 спортшы жолдама алған. Олардың ішінде отбасылық жағдайына байланысты екеуі бармайтын болды. Негізінде елордадағы финал биыл қаңтар айында өтуі керек болатын. Біз алдын ала билеттерін алып қойғанбыз. Бұл жарыста балалардың жататын орны, сол жақтағы тамағына «Dara» дарындыларды қолдау қоры қолдау білдіріп отыр. Ал билетіне біздің басқарма жауапты. Бірақ жарыс мерзімі ақпан айына ауыстырылғандықтан, билеттерді қайтадан өткізуге тура келді. Енді жарыс күні жақындағанда қайтадан билеттерін аламыз. Тағы да жарыс мерзімі ауыстырылуы немесе отбасылық жағдайларына байланысты бармай қалатындар болуы мүмкін, сол себепті дәл қазір билет алмай отырмыз», - деп түсіндірді дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі.

Екі тараптың пікірі осылайша ұштаса қоймады. Воркаутшы жастар қолдаудың жоқтығына қапалы, ал басқарма жыл сайын қолдаудан қолы тимей отырғандарын алға тартуда.

Айта кетейік, воркауттан алғашқы әлем біріншілігі 2011 жылы 27-28 тамыз аралығында Ригада (Латвия) өткен. Жарыс қорытындысы бойынша украиндық Евгений Козырь бірінші орыннан көрініп, воркаут тарихындағы ең алғашқы жеңімпаз атанған. Қазақстандықтардың арасында воркаут қозғалысы тек 2009 жылы ғана кеңінен тарай бастады. Қазір елімізде аталған спорт түрінен дүбірлі жарыстар ұйымдастырылып келеді.


Соңғы жаңалықтар