Tartyl Fest: Өскемендік оқушы турникке тартылудан әлем чемпионатына баруды армандайды

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Егор Нокин Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалында Өскемен қаласының атынан өнер көрсетпек. 11 сынып оқушысы бала күннен осындай ауқымды жарыста бақ сынауды арман еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Егор Ногиннің жасы 17-де. Өскемен қаласындағы №39 орта мектепте 11-сыныпта оқиды. Спортты бала кезінен жанына серік етіп келеді.

«Атам шаңғы жарысынан спорт шебері, мені осы спорт түріне баулыды. Шаңғышы ретіндегі кәсіпқой мансабым нәтижелі болмаған соң қысқы полиатлонға ауыстым. Онда өзімді жақсы көрсете бастадым. Президенттік көпсайыс бойынша спорт шебері атандым. Ал турникке тартылған өзіме ұнайды. Аулада достарыммен бірге ермек ретінде тартылып жүрдік. Уақыт өткен сайын көбірек және таза тартылатын болдым. Әзірге жеке рекордым – 33», - дейді Егор.

Tartyl Fest жобасы туралы Instagram желісіндегі жарнамадан біліпті. Еш ойланбастан қатысамын деп шешкен. Себебі өзін сынап көргісі келген.

Кәмелеттік жасқа дейінгі 55-70 келі аралығындағы салмақта бақ сынадым. Қарсыластар осал болған жоқ. Әйтеуір 28 рет тартылып, жеңімпаз болдым. Екінші орын иеленген Александр есімді жігіт - 27 рет, ал үшінші орын алған Бағлан деген қарсыласым 25 рет тартылды.

Медаль мен 200 мың теңге алдым. Енді Астанаға баруға дайындалып жатырмын. Негізінен бұл жарысқа ақша үшін емес, алдағы әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін қатыстым», - дейді жас спортшы.

Әлем чемпионатына қатысу – Егордың бұрыннан келе жатқан арманы. Сол қалауына жету үшін еш аянып қалмайды.

«Ұйымдастырушылар Өскемендегі жарысқа кәсіби тұрғыдан қарап, өте жоғары деңгейде өткізді. Бұған өз басым куәмін. Астанадағы турнир де сондай деңдейден асып түспесе кем болмайтынына сенімдімін. Мұндай жарыстар жиі өткізіліп тұрса деймін. Себебі сол арқылы адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спортқа тартуға болады. Талай досым «Tartyl Fest» фестивалінің 2-ші маусымына дайындалып жатыр. Сондықтан бұл жоба осымен үзіліп қалмайды деген сенімдемін, - дейді Егор Ногин.

Еске салсақ, Tartyl Fest турникке тартылудан өңірлік жарыс Өскеменде 30 тамыз күні өткен еді.

Өскемен қаласының әкімі де турникке тартылған болатын.

18 ақпанда Астанада өтетін гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 жас аралығында. Өткен жылы турникке тартылудан жарыс Қазақстанның 20 қаласында өткен. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық тоғыз салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Тартылу саны бойынша рекорд 33 жастағы тараздық Евгенийге тиесілі – ол 50 рет тартылған.

Фото: Егор Ногиннің жеке мұрағатынан


Соңғы жаңалықтар