«Tartyl fest» Оралда: Турникке 5 жасар қыз тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында «Tartyl fest» турникке тартылудан республикалық фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған шара осымен Қазақстанның оныншы қаласында өтуде.

Фестивальдің ашылу рәсімінде БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов еліміздің батыс қақпасы саналатын Ақ Жайық жерінде ежелден батырлар аз болмағанын, Асқар Шайхиев, Данияр Елеусінов, Ерболат Байбатыров, Екатерина Ларионовадай атақты спортшылар шыққанын жеткізді.

«Дара» дарындыларды қолдау қоры қарапайым турникке тартылудан керемет шоу ұйымдастырып отыр. Мұндай шараның тұрғындарды, әсіресе, жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын орнықтыруда маңызы зор», - деді.


«Tartyl fest» жобасының амбассадоры, актер және бапкер Айтым Жакуповтың айтуынша, рекорд әзірге ақтаулық Дамир Нәбиевтің еншісінде. Ол турникке 44 рет тартылған.

Оралдағы фестивальге қатысу үшін барлығы 375 үміткер тіркелді. Олардың арасында түрлі жастағылар бар.

Олардың ең жасы оралдық Айару Кукузова 5 жаста. Айару турникке 9 рет тартылды. Анасы Индираның сөзіне қарағанда, қызын турникке тартылуға әкесі Азамат үйреткен. Айару сонымен қатар бимен шұғылданады. Ән де салады.

Көпшілікті ерекше сүйсінткендердің бірі 7 жасар Ислам Қауыс болды. Ол турникке 23 рет тартылды.

«Біз облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы ауданынан келдік. Ұялы ауылында тұрамыз. Хабарды кештеу естіп, балам 15 күн ғана жаттықты. Ол қазақ күресінен облыстық жарыстарда жүлде алып жүр. Өзім Шәкір Жексенбаев атындағы орта мектепте ұстаздық етемін. Қазақ күресінен спорт шеберіне үміткермін. Жастарды спортқа баулитын жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Исламның әкесі Жанарбек Қауыс.

Оралда турникке тартылу фестивалі жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Tartyl fest» фестивалі Оралда өтетінін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар